Kaspi.kz әзірге классикалық такси сервисін іске қосуды жоспарлап отырған жоқ. Алайда болашақта компания бұл нарыққа мүлде жаңа форматта , жүргізушісіз көліктер арқылы шығу мүмкіндігін қарастыруы ықтимал. Бұл туралы Kaspi.kz-тің негізін қалаушылардың бірі әрі басшысы Михаил Ломтадзе айтты.
Gilgamesh Ventures венчурлық компаниясының негізін қалаушы Мигель Армаза Михаил Ломтадземен сұхбаты барысында Kaspi Такси сервисін іске қосу мүмкіндігі туралы сұраған еді. Армазенің айтуынша, қазақстандық қолданушылар Kaspi.kz-ге жеке такси сервисін іске қосуды жиі ұсынады.
Ломтадзе компанияда мұндай мүмкіндік қарастырылғанын растады. Алайда Kaspi.kz үшін жаңа нарыққа жай ғана шығу емес, тұтынушыға өзгеше әрі сапалы қызмет ұсыну маңызды, деді.
Оның айтуынша, Қазақстандағы такси нарығында қазірдің өзінде бірнеше ірі сервис жұмыс істейді және олардың бизнес-модельдері бір-біріне ұқсас. Сондықтан тағы бір дәстүрлі такси агрегаторын іске қосу компания үшін айтарлықтай технологиялық жаңалық емес.
Дегенмен Ломтадзе ауқымды нарықта Kaspi.kz мүлде басқа модельді қарастыруы мүмкін екенін айтты. Мәселен, дәстүрлі жүргізушілері бар такси қызметін емес, бірден жүргізушісіз көліктерге негізделген сервисті іске қосу.
Осылайша, қазір көпшілікке таныс форматтағы Kaspi Такси сервисін іске қосу компанияның басым бағыттарының қатарына кірмейтіні белгілі болды.
Оның орнына Kaspi.kz жасанды интеллект технологияларын және Kasper AI-көмекшісін дамытуға басымдық беріп отыр. Болашақта оның мүмкіндіктері кеңейіп, Kasper қолданыстағы такси қызметтерімен байланысып, пайдаланушыға жеке қосымшаға кірмей-ақ көлік шақыруға көмектесуі мүмкін.
Қазір Қазақстанның такси нарығында бірнеше ірі сервис бар. Олардың қатарында inDrive және Яндекс Go бар. 2026 жылы нарықтағы бәсеке күшейіп, вьетнамдық Green and Smart Mobility (GSM) компаниясы Алматыда экологиялық көліктерден құралған жеке автопаркімен жұмысын бастады.





