«Қазақмыс» корпорациясы компанияның бақылау құқығын жаңа акционерге беру бойынша негіздемелік келісімге қол қойылғанын хабарлады.
Құжатқа президент Владимир Ким мен Директорлар кеңесінің төрағасы Эдуард Огай келісімімен қол қойылған. Бұл бақылауды тапсыру процесінің ресми басталғанын білдіреді. Енді қажетті рәсімдер жүргізіліп, үлесті сатып алу-сату жөніндегі негізгі келісімшарт дайындалады.
Акционер ауысуы Қазақстан заңнамасына сай жүзеге асырылады. Тау-кен-металлургия саласында меншік иесін өзгерту үшін Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің және Бәсекелестікті қорғау агенттігінің арнайы рұқсаты қажет.
Компания серіктестерді, кредиторларды және мүдделі тараптарды өзгерістер туралы хабардар етеді. Процесс ашық түрде жүргізіліп, барлық міндеттемелер толық сақталатыны атап өтілді.
Қол қойылған құжатқа сәйкес, акционердің ауысуы өндіріс пен операциялық қызметке, келісімшарттарға, қызметкерлердің әлеуметтік кепілдіктеріне және жұмыс орындарының тұрақтылығына әсер етпейді. «Қазақмыс» барлық ағымдағы және болашақ жобаларын бұрынғы стратегиялық жоспарға сай жалғастырады.





