
2024-2025 жылғы маркетингтік маусымда Қазақстан 1,82 миллион тонна арпа экспорттап, өткен жылғы көрсеткішпен салыстырғанда екі есе көп өнім шетелге жіберді.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің дерегінше, мұндай серпінді өсімге үш негізгі фактор себеп болды: елде 3,84 млн тонна көлемінде мол өнім алынуы, Иран мен Қытай тарапынан сұраныстың күрт артуы және қазақстандық арпаның әлемдік нарықтағы бәсекеге қабілетті бағасы.
Әсіресе, Иранға жөнелтілген арпа көлемі рекорд жаңартты – 1,064 млн тонна, бұл өткен маусыммен салыстырғанда 30 есе көп. Сондай-ақ Қытайға 414,4 мың тонна, Өзбекстанға 125,2 мың тонна арпа экспортталған.
Экспорттың артуы ішкі нарықтағы баға динамикасына да әсер етті. Мәселен, 2024 жылдың қыркүйегінде тоннасы 50–52 мың теңге аралығында болса, 2025 жылғы тамыз айының басында бұл баға 85–87 мың теңгеге дейін көтерілді.
Жыл соңына дейін арпа экспортының жалпы көлемі 1,9 млн тоннаға жетеді деп болжануда.
Нарықтағы тұрақтылықты сақтау үшін «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» ҰК» АҚ ішкі нарыққа 500 мың тонна бидай және 200 мың тонна жемдік астық (бидай мен арпа) жеткізуді қолға алып, бағаның теңгерімін ұстап тұр.
Астық бағасының өсуі фермерлер үшін тиімді болды. Бұл ауыл шаруашылығы өндірушілеріне табыстылықты сақтап, қосымша қарызсыз өз шығындарын жабуға және инфрақұрылымға инвестиция салуға мүмкіндік беріп отыр.