Редакция: +7 (777) 242 5522
Бізге жазылыңыз:

Қазақстан экономикасы 11 айда 6,4 пайызға өсті

Қазақстан экономикасы 11 айда 6,4 пайызға өсті

Биыл қаңтар-қараша айлары аралығында Қазақстан экономикасының өсімі 6,4 пайызды құрады.

Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин мәлімдеді.

Оның айтуынша, нақты сектордағы өсім 8,3 пайызға жетіп, қызмет көрсету саласының 5,3 пайыздық көрсеткішінен асып түсті. Экономикалық өсімге көлік қызметтері, құрылыс және тау-кен өнеркәсібі негізгі үлес қосқан. Сонымен қатар сауда саласы 8,8 пайызға, ауыл шаруашылығы 6,1 пайызға, ал өңдеу өнеркәсібі 5,9 пайызға өскен.

Инвестициялық белсенділік те жоғары деңгейде сақталуда. 11 айдың қорытындысы бойынша негізгі капиталға салынған инвестициялар 13,3 пайызға артып, 18,5 трлн теңгені құрады. Оның ішінде жеке инвестициялардың көлемі 9,8 пайызға ұлғайған.

Министрдің мәліметінше, инвестициялардың ең жоғары өсімі ұзақ мерзімді сапалы экономикалық өсімді қамтамасыз ететін салаларда байқалған. Атап айтқанда, қаржы қызметінде инвестициялар 82,8 пайызға, электр энергиясы, газ және жылумен жабдықтау саласында 57,9 пайызға, білім беру саласында 31,6 пайызға артқан. Сондай-ақ ақпарат және байланыс, ауыл шаруашылығы, өңдеу өнеркәсібі мен көлік қызметтері салаларында да айтарлықтай өсім тіркелген.

Өңірлер бойынша инвестициялардың ең жоғары өсімі Ақмола, Павлодар, Жамбыл, Алматы және Ақтөбе облыстарында байқалса, Атырау мен Қарағанды облыстарында төмендеу тіркелді.

Ұқсас материалдар