Редакция: +7 (777) 242 5522
Бізге жазылыңыз:

Қазақстан Конституциясына ауқымды өзгерістер енгізілмек

Қазақстан Конституциясына ауқымды өзгерістер енгізілмек

Астанада Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Парламенттік реформа жөніндегі жұмыс тобының отырысы өтті. Бұл туралы Ақорда хабарлады.

Жиында Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин Президентке Жұмыс тобының атқарған қызметі жөнінде баяндап, Парламентті трансформациялауға қатысты ұсынылып отырған конституциялық өзгерістердің ауқымды екенін атап өтті. Оның айтуынша, бұл түзетулер саяси жүйені уақыт талабына сай жаңғыртуға бағытталған.

Президенттің құқықтық мәселелер жөніндегі көмекшісі Ержан Жиенбаев азаматтардан түскен ұсыныстар негізінде әзірленген негізгі тәсілдер туралы баяндады. Ол былтырғы қазан айынан бері өткен отырыстарда жаңа Парламентке қатысты барлық мәселелер – депутаттар саны, өкілеттік мерзімі, сайлау тәртібі, бір палаталы Парламенттің заң шығару тетіктері және өзге билік институттарымен өзара іс-қимылы жан-жақты қаралғанын айтты.

Парламентаризм институтының директоры Наталья Пан e-Otinish және eGov платформалары арқылы азаматтардан, сарапшылар мен қоғамдық ұйымдардан түскен ұсыныстар туралы мәлімет берді. Оның айтуынша, бірнеше ай ішінде саяси партиялар, үкіметтік емес ұйымдар, бизнес-қоғамдастық өкілдері мен құқықтанушы ғалымдар конституциялық реформаға қатысты бастамаларын жолдаған. Жалпы алғанда, мемлекеттік құрылымды жетілдіруге байланысты 1,6 мыңға жуық ұсыныс келіп түскен.

Парламент Мәжілісіндегі Amanat партиясы фракциясының жетекшісі Елнұр Бейсенбаев, Ақ жол партиясы ның көшбасшысы Азат Перуашев және Жалпыұлттық социал-демократиялық партия фракциясының басшысы Асхат Рахымжанов парламенттік реформа аясында қарастырылып отырған конституциялық өзгерістердің ауқымды екенін мәлімдеді. Олар өңірлердегі кездесулер барысында азаматтардың саяси реформаға жоғары қызығушылық танытып отырғанын жеткізді.

Отырысты қорытындылаған Мемлекет басшысы конституциялық реформаны талқылау басталғалы бері шамамен жарты жыл өткенін атап өтті. Осы уақыт ішінде қоғамда Парламентті трансформациялаудың мақсаттары мен міндеттері жөнінде дұрыс түсінік қалыптасқанын айтты.

Президент қыркүйек айындағы Жолдаудан кейін өрбіген қоғамдық пікірталастарды мұқият қадағалап отырғанын жеткізіп, ұсынылған түзетулер жобалары мен азаматтардан келіп түскен бастамаларды жан-жақты зерделеп жатқанын атап өтті.

– Парламенттік реформаны жүзеге асыру үшін Конституцияның бірден бірнеше бөлімін қайта қарау қажет болады. Осыған дейін енгізілген өзгерістерді ескерсек, Жұмыс тобы ұсынып отырған түзетулер Қазақстанның шын мәнінде жаңа Конституциясы туралы айтуға мүмкіндік береді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент бұл мәселеге қатысты нақты ұстанымын алдағы Ұлттық құрылтай отырысында жариялайтынын мәлімдеді.

Ұқсас материалдар