Редакция: +7 (777) 242 5522
Бізге жазылыңыз:

Қазақстан Ұлттық банкінің төрағасы Global Finance рейтингінде жоғары баға алды

Қазақстан Ұлттық банкінің төрағасы Global Finance рейтингінде  жоғары баға алды
Көрнекі сурет: ЖИ 

Global Finance орталық банктер басшыларының рейтинг кестесінде ҚР Ұлттық банкінің төрағасы Тимур Сүлейменовке B+ бағасын берді, деп хабарлады QAMS QazTrading


Айта кетейік, Global Finance рейтинг шкаласы: A+ → A → A− → B+ → B → B− → C → D → F түрінде белгіленеді. 
Мұндағы A+–A− — эталондық ақша-несие саясаты, төмен инфляция және жоғары болжамдылық.
B+–B− — нәтижелер мықты, алайда бір-екі негізгі макроэкономикалық тәуекел бар, әдетте ол инфляция.
C және төмен — тұрақсыздық, валюта бағамының күрт ауытқуы және нарық сенімінің төмендігі.
B+ Қазақстанның A тобының дәл астында тұрғанын, бірақ инфляциялық факторға тіреліп отырғанын білдіреді.

Бұған дейін Григорий Марченко — 2013 жылы ҰБК төрағалары арасында соңғы рет осындай жоғары баға алған. Данияр Ақышев, Ерболат Досаев, Қайрат Келімбетов — бастапқыда C алған, кейін олардың рейтингі B және B− деңгейіне көтерілген.

Сүлейменовтің B+ нәтижесі — соңғы 12 жылдағы ең жоғары көрсеткіш және Қазақстанның жаһандық рейтингтің жоғарғы бөлігіне қайта оралуы.

Қазақстанмен бірдей B+ деңгейінде Норвегия мен Чили тұр. Біріншісінде ақша-несие саясаты тәртіпті, бірақ инфляция мақсатты деңгейден жоғары. Ал Чилидің орталық банкі мықты, алайда баға құбылмалылығы жоғары. Қазақстан бұл елдердің тәжірибесін Ұлттық қорды (Норвегия) және жинақтаушы зейнетақы жүйесін (Чили) құру кезінде пайдаланған.

Аталған рейтингте көрсеткіші төмен елдер: Түркия (C) жоғары инфляция және ақша-несие саясатына саяси қысым бр. Аргентина (D–F) — созылмалы инфляция және валюталық дағдарыстар бар. 

Ал ең жоғарғы A+ санаты Дания, АҚШ, Вьетнамда. ЕОБ басшысы Кристин Лагардтың бағасы — A− деңгейінде. 

Айта кетейік, Global Finance — 1987 жылы Нью-Йоркте құрылған, әлемдегі жетекші қаржы журналдарының бірі. Аудиториясы 160-тан астам елді қамтиды. Орталық банк басшыларының рейтингі 25 жылдан астам уақыт бойы жарияланып келеді және ең көп дәйексөз келтірілетін рейтингтердің бірі саналады.
Бағалар макроэкономикалық көрсеткіштерді, реттеушінің тәуелсіздігін, ақша-несие саясатының сапасын және нарық сенімін ескере отырып қалыптастырылады. Бағалау кезеңі: 2024 жылғы 1 шілдеден 2025 жылғы 30 маусымға дейінгі аралықты қамтиды.

Ұқсас материалдар