Қазақстан мен Ресей арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық қарқынды дамып келеді.
Бұл туралы ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов Ресей Үкіметінің төрағасы Михаил Мишустинмен кездесу барысында мәлімдеді.
Келіссөздер барысында сауда, инвестиция, өнеркәсіп, энергетика, көлік және экология салаларындағы бірлескен жобалар талқыланды. Бектеновтің айтуынша, Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путиннің күш-жігерінің арқасында екі ел арасындағы қатынас жаңа деңгейге көтерілген.
Соңғы жылдары өзара сауда көлемі 30 млрд долларға жуықтаған. Ресей Қазақстан экономикасына салынған инвестициялар бойынша алдыңғы қатарда: соңғы 9 айда $2,1 млрд инвестиция тартылса, 20 жылда бұл көрсеткіш $28,5 млрд-қа жеткен. Ал Қазақстан Ресей экономикасына шамамен $9 млрд инвестиция салған.
Тараптар алдағы уақытта да серіктестікті жаңа бағыттар бойынша дамытуға дайын екенін жеткізді.





