Қазақстанда банк капиталының ең аз мөлшері 10 млрд теңгеге дейін шектелмек
Қазақстанда базалық лицензиясы бар банктерге қойылатын талаптар жеңілдетіліп, олардың меншікті капиталының ең аз мөлшері 10 млрд теңге деңгейінде белгіленбек.
Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова мәлімдеді.
Оның айтуынша, депутаттардың қарауына «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» және оған ілеспе заң жобалары ұсынылған. Құжаттар Мемлекет басшысының 2024 және 2025 жылдардағы Жолдауларын іске асыру мақсатында әзірленген.
– «Банктер туралы жаңа заңның құрылымы түбегейлі өзгертіліп, қолданыстағы нормаларға ревизия мен оңтайландыру жүргізілді. Онда корпоративтік басқару, іс-қимылды қадағалау және төлем қабілетсіз банктерді реттеу бойынша жаңа бөлімдер енгізілді. Заң жобасы 9 бөлімнен, 23 тараудан және 135 баптан тұрады», – деді Мәдина Әбілқасымова.
Агенттік басшысының айтуынша, жаңа заң жобасы банк жүйесінің қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз етуге және адал бәсекелестікті дамытуға бағытталған.
Басты жаңалықтардың бірі – банк қызметін лицензиялаудың екі деңгейлі жүйесін енгізу. Енді банктер әмбебап және базалық лицензия түрінде жұмыс істей алады. Әмбебап лицензия ірі банктерге, ал базалық лицензия шағын және орта банктерге арналған.
– «Шоғырлануды төмендету және бәсекелестікті арттыру мақсатында лицензиялау талаптары ырықтандырылады. Базалық лицензия әмбебап лицензиядан рұқсат етілген операциялар көлемі мен реттеушілік талаптар деңгейі бойынша ерекшеленеді», – деді агенттік төрағасы.
Базалық банктер үшін активтердің ең жоғары мөлшері 500 млрд теңгеге дейін, ал меншікті капиталдың ең аз мөлшері 10 млрд теңге деңгейінде шектеледі. Сонымен қатар, мұндай банктерге қатысты пруденциялық талаптар мен қадағалау рәсімдері жеңілдетіледі – инспекциялар сирек жүргізіліп, есептілік көлемі қысқартылады.
Мәдина Әбілқасымованың айтуынша, аталған шаралар банк нарығында жаңа қатысушылардың пайда болуына, қаржы қызметтерінің қолжетімділігін арттыруға және жалпы жүйенің тұрақтылығын нығайтуға мүмкіндік береді.





