
ҚазМұнайГаз ұлттық компаниясы экологиялық авиациялық отын (SAF – Sustainable Aviation Fuel) өндірісін іске қосуды жоспарлап отыр.
Техникалық-экономикалық негіздемені әзірлеу туралы келісімді «ҚазМұнайГаз-Аэро» ЖШС, америкалық LanzaJet, Inc. компаниясы және елдегі ірі агроөнеркәсіптік холдингтердің бірі – «KazFoodProducts» ЖШС жасасты.
Компанияда нақтылағандай, өткен жылы алдын ала техникалық-экономикалық негіздеме (pre-FEED) кезеңі сәтті аяқталған. Негіздеме жыл соңына дейін дайын болады деп жоспарланған.
– Жобаны жүзеге асыру Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстанды дамыған транзиттік әлеуеті бар халықаралық авиациялық хабқа айналдыру жөніндегі тапсырмасы аясында ерекше мәнге ие, - делінген хабарламада.
Келісімге қол қоймас бұрын биыл наурызда АҚШ-та Қазмұнайгаз ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Асхат Хасенов пен LanzaJet компаниясының бас директоры Джимми Самарцис арасында кездесу өтіп, онда SAF өндірісі саласындағы ынтымақтастықтың болашағы талқыланды.
Техникалық-экономикалық негіздемені дайындау кезінде тараптар зауытты орналастыру үшін оңтайлы өңірді таңдау, өндіріс көлемдерін анықтау және инвестициялық шешім қабылдауға қажетті басқа да маңызды параметрлерді қоса алғанда кешенді талдау жүргізеді.
SAF – әлемдік авиация саласында стандартты Jet A-1 авиаотынына экологиялық қоспа ретінде қолданылады және көмірқышқыл газының шығарындыларын азайтуға ықпал етеді. ҚазМұнайГаз-дың үш мұнай өңдеу зауыты 2018 жылдан бастап Jet A-1 өндіруге дайын. Қолданыстағы ТС-1 авиаотын стандартынан Jet A-1-ге көшу Қазақстан әуежайларындағы отын құю инфрақұрылымын жаңғыртумен қатар жүріп жатыр.
Сондай-ақ ұлттық компанияның мәліметінше, аталған ауқымды жоба елді Париж келісімі аясындағы көміртегі бейтараптығына жақындатады және жетекші халықаралық әуе тасымалдаушылары мен жүк компанияларын тартуға мүмкіндік ашады.