
Су саласын дамыту бойынша серіктестердің Үйлестіру кеңесінің II отырысы аясында Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Ислам даму банкінің Қазақстандағы өңірлік өкілдігі басшысының міндетін атқарушы Али Хан және БҰҰ Даму Бағдарламасының ҚР-дағы Тұрақты өкілі Катаржина Вавьерниамен кездесті.
Министрліктің мәліметінше, тараптар «Климатқа төзімді су ресурстарын дамыту» жобасын іске асыру бойынша бірлескен жұмысты талқылады.
Жобада Астана су қоймасын толықтыру жөніндегі жобаны қоса алғанда, 4 жаңа су қоймасын салу және жұмыс істеп тұрған 4 су қоймасын реконструкциялау, 115 арнаны реконструкциялау және күрделі жөндеу көзделген.
Жұмыстар Ақмола, Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Түркістан, Батыс Қазақстан, Жетісу облыстарында және Астана қаласында жүзеге асырылады. Сондай-ақ Қазақ су шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтына еліміздің су және өзен бассейндерін зерттеуге, Су ресурстарының ақпараттық-талдау орталығы үшін ерте ден қою жүйелерін енгізуді бағалауға және "Қазсушар" кәсіпорнын техникалық жарақтандыруға Ислам даму банкінің грантын бөлу көзделген.
Қазір барлық қажетті құжатты әзірлеу және оларды басқа мемлекеттік органдармен келісу жүргізіліп жатыр.
«Қысқа мерзім ішінде Үйлестіру кеңесі аясында үлкен жұмыс атқарылды. Ислам даму банкінің инвестициялары Қазақстанның су инфрақұрылымын жетілдіруге көмектеседі. Сонымен қатар біз еліміздің су саласын дамыту жобаларына жаңа серіктестер тарту үшін БҰҰ Даму бағдарламасымен белсенді ынтымақтастықты жалғастыруға ниеттіміз», – деп атап өтті Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.