
2025 жылдың 1 сәуіріндегі жағдай бойынша Қазақстан Республикасының банк секторында 21 екінші деңгейдегі банк жұмыс істеп тұр. Оның ішінде шет елдің қатысы бар 12, еншілес 9 банк бар.
Осы мерзімде банк секторының активтері негізінен несие портфелінің 2,0%-ға немесе 36,7 трлн теңгеге өсуі есебінен ұлғайды. Мәселен, наурызда 1,6%-ға артып, жыл басынан бері 0,7%-ға өсті, нәтижесінде 62,0 трлн теңгені құрады.
Ал екінші деңгейлі банктердің экономикаға берген несиесі наурыз айында 34,3 трлн теңгеге дейін артып, 1,5%-ға ұлғайды. Бұдан несиенің жыл басынан 1,7%-ға өскенін аңғаруға болады. Сол сияқты экономикаға берілген кредиттердің құрылымында осы жылдың наурыз айындағы қорытынды бойынша ұлттық валютамен берілген кредиттер 1,4%-ға, яғни 31,6 трлн теңгеге дейін артса, шетел валютасымен 2,1%-ға, яғни 2,7 трлн теңгеге дейін өскен. Айта кету керек, бұл теңгенің АҚШ долларына айырбастау бағамы әлсіреп, қайта бағалау болған тұста ұлғайды.
Бизнес субъектілеріне берілген кредиттер негізінен айналым қаражатын сатып алуға берілген қарыздардың 2,1%-ға, яғни 5,0 трлн теңгеге дейін өсуі есебінен 1,8%-ға – 12,9 трлн теңгеге дейін артты (2025 жылдың басынан 1,0%-ға төмендеу). Олардың несие құрылымында ірі бизнеске берген қарыздары 10,5%-ға 5,0 трлн теңгеге, ШОБ субъектілеріне ұсынған қарызы осы санаттар арасында банктердің бірінің қарыздарын қайта жіктеу нәтижесінде 5,4%-ға, яғни 5,6 трлн теңгеге дейін төмендеді. Есесіне, жеке кәсіпкерлерге берілген кредиттер 3,1%-ға, яғни 2,4 трлн теңгеге дейін ұлғайды.
2025 жылғы наурызда ауыл шаруашылығын қоспағанда, бизнеске берілген кредиттердің өсуі жоспарлы өтеулер себебінен іс жүзінде барлық салада байқалады.
Ал өнеркәсіпте несие 0,8%-ға, 4,3 трлн теңгеге дейін, саудада 2,8%-ға, яғни 3,5 трлн теңгеге дейін, көлікте 1,7%-ға – 0,9 трлн теңгеге дейін, ақпарат және байланыс – 10,5%-ға артып, 0,2 трлн теңгеге дейін, құрылыста 0,8%-ға, яғни 0,6 трлн теңгеге дейін ұлғайды.
Наурыз айында бизнес субъектілеріне 1,4 трлн теңге жаңа қарыз берілді. Бұл 2024 жылғы осы мерзіммен салыстырғанда 7,5%-ға артық. Осы жылдың 1-тоқсандағы қорытындысы бойынша бизнеске жаңа кредиттер беру көлемі 3,9 трлн теңгені құрап, былтырғы деңгейде сақталды.
Ал бизнес субъектілеріне ұлттық валютамен берілген кредиттер бойынша сыйақының орташа алынған мөлшерлемесі 17,7%-дан 18,6%-ға дейін өсті. Нәтижесінде бір ай бұрын тіркелген 20,9%-дан 21,6%-ға дейін ұлғайған.
Осы жылдың наурыз айында халыққа берілген тұтынушылық қарыздар 1,9%-ға, яғни 14,4 трлн теңгеге дейін ұлғаюына байланысты несие де 1,3%-ға ұлғайып, 21,4 трлн теңгені құрады. Бұл жыл басынан 3,5%-ға өскенін көрсетеді.
Демек, наурыз айында тұтынушылық қарыздар бойынша мөлшерлеменің 19,1%-дан 20,4%-ға дейін ұлғаюына байланысты халыққа теңгемен берілген кредиттер бойынша сыйақының орташа алынған мөлшерлемесі 19,7%-ға дейін артты.
Айта кету керек, банктердің несие портфелінің сапасы жоғары деңгейде сақталып отыр. Мәселен, осы жылдың сәуіріндегі жағдай бойынша кредиттік портфельдің 90 күннен астам мерзімі өткен кредиттерінің үлесі бұрынғы 3,3%-дан аздап ұлғайып, 3,4%-ды немесе 1,2 трлн теңгені құрады.
Халықтың кредиттері бойынша NPL90+ қарыздарының үлесі сәуірдегі жағдай бойынша 4,2%-ды немесе 894 млрд теңгені, бизнеске берілген кредиттер бойынша 2,3%-ға жетіп, 338 млрд теңгені құрады. 90 күннен астам мерзімі өткен берешегі бар кредиттерді провизиялармен өтеу деңгейі 67,1%-ды құрады.
Банк секторының міндеттемелері де негізінен клиенттер салымдарының ұлғаюы есебінен 1,7%-ға 52,6 трлн теңгеге дейін артты. Мұнда клиенттердің салымы басымдық көрсетіп, 79,3% немесе 41,8 трлн теңгеге жеткен.
Наурыз айында резиденттердің депозиттік ұйымдардағы салымына келсек, негізінен шетел валютасындағы депозиттер 2,8%-ға 9,4 трлн теңгеге дейін, оның ішінде теңгенің АҚШ долларына қатысты әлсіреуі аясында қайта бағалау нәтижесінде 0,1%-ға 40,5 трлн теңгеге дейін ұлғайды. Теңгедегі депозиттер 0,8%-ға, яғни 31,1 трлн теңгеге дейін азайған. Демек, осы жылдың сәуіріндегі жағдай бойынша депозиттерді долларландыру деңгейі бір ай бұрынғы 22,5%-дан аздап ұлғайып, 23,2%-ды құрады деген сөз.
Заңды тұлғалардың депозиттері наурызда 0,6%-ға, яғни 18,2 трлн теңгеге дейін қысқарса, жеке тұлғалардың депозиттері – 0,6%-ға – 22,3 трлн теңгеге дейін өсті.
Банктік емес заңды тұлғалардың ұлттық валютадағы мерзімді депозиттері бойынша орташа алынған сыйақы мөлшерлемесі наурызда 15,0%-ды (2025 жылғы ақпанда – 14,2%), жеке тұлғалардың депозиттері бойынша 13,6%-ды құрады (2025 жылғы ақпанда – 13,3%).
Наурызда банктердің меншікті капиталы негізінен бөлінбеген таза пайданың ұлғаюы нәтижесінде 0,9%-ға, яғни 9,3 трлн теңгеге дейін өскен еді. Бұдан оның жыл басынан бері 5,1%-ға артқанын байқаймыз. Ал 1 сәуірдегі жағдай бойынша негізгі капиталдың жеткіліктілік коэффициенті (к1) 20,6%-ды, меншікті капиталдың жеткіліктілік коэффициенті 22,1%-ды құрады. Бұл заңнамада белгіленген нормативтерден едәуір асып түсіп, банк секторындағы әлеуетті тәуекелдерді өтеуді қамтамасыз етеді.
2025 жылдың қаңтар-наурызында банктердің таза пайдасы 664 млрд теңге болған. Бұл 2024 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 16,6%-ға көп. Банктік активтердің рентабельділігі (ROA) осы жылдың 1 сәуіріндегі жағдай бойынша 4,6%-ды (01.03.2025ж. жағдай бойынша – 4,6%), капитал рентабельділігі (ROE) 31,8%-ды (01.03.2025ж. жағдай бойынша – 31,9%) құрады.