Редакция: +7 (777) 242 5522
Бізге жазылыңыз:

Қазақстандық астық әлемдік нарыққа рекордтық көлемде экспортталды

Қазақстандық астық әлемдік нарыққа рекордтық көлемде экспортталды

«Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» АҚ Қоғамдық кеңесінің отырысында компанияның 2024-2025 жылғы ауыл шаруашылығы жылы қорытындылары шығарылып, рекордтық көрсеткіштер жарияланды. Биыл корпорация 1,2 млн тонна астық өткізді, бұл соңғы он жылдағы ең жоғары көрсеткіш болып отыр.

Ішкі нарыққа 390 мың тонна, тікелей экспортқа 360 мың тонна, трейдерлер арқылы шетелге 453,3 мың тонна астық жеткізілді. Нәтижесінде корпорацияның республикалық астық экспортындағы үлесі 8,9%-ға жетті.

Бидай жеткізілімдері дәстүрлі нарықтарға – Қытай, Орталық Азия, Иранға, сондай-ақ жаңа экспорттық бағыттарға – Марокко, Вьетнам, Әзербайжан және Грузияға жүзеге асырылды. Алыс нарықтарға тасымалдау шығындарын субсидиялау бағдарламасы жеткізулердің жандануына септігін тигізді.

Компания басшысы Асылхан Джувашевтің айтуынша, қазақстандық жұмсақ бидайдың сапасын шетелдік серіктестер жоғары бағалап, ұзақ мерзімді келісімшарттарға сұраныс артты. Таиланд, Мьянма және Алжир нарықтары жаңа әлеуетті бағыт ретінде ерекшеленеді.

Сондай-ақ, корпорация Марокко мен Вьетнамға мультимодальды жеткізуді ұйымдастырып, жаңа экспорттық бағыттарды ашты. Қоғамдық кеңес мүшелері мен сарапшылар компанияның тиімділігін, ашықтығын және сыртқы нарықтағы қатысуын жоғары бағалады.

Отырыста форвардтық қаржыландыру, азық-түлік қауіпсіздігі, астық бағасын тұрақтандыру және орақ науқанына дайындық мәселелері де талқыланды.

Ұқсас материалдар