Елімізде қаңтар айынан бастап ақылы жолдардың ақаулы 350 шақырымнан астам бөлігі үшін ақы алынбайды.
Бұл туралы Үкіметтегі баспасөз мәслихатында «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Дархан Иманашев хабарлады.
Оның айтуынша, ақылы учаскелерді тексеру барысында шамамен 350 шақырымдай ақаулы жол бөліктері анықталған. Бұл тізім Автомобиль жолдары комитетіне жолданған және қазіргі уақытта учаскелерді нақтылау жұмыстары жүргізілуде. Тиісті бұйрық бекітілген соң төлем алу тоқтатылады.
Дархан Иманашев сонымен қатар жолдар жөнделгеннен кейін ақылы жүйенің қайта енгізілетінін ескертті. «Қаңтардан бастап бұл учаскелер ақылы режимнен шығарылады, бірақ құрылыс маусымында жөндеу жоспарланған. Жөндеу аяқталған соң ақылы жүйе қайта қолданысқа енгізіледі», – деді ол.





