KazFelTec компаниясы елде жүн өңдеу өндірісін кеңейтуді жоспарлап отыр. Бұл мәселе Айдарбек Сапаров пен компания акционерлері Әсет Тілеуов және Лука Кверчи арасындағы кездесуде талқыланды.
Министрдің айтуынша, ауыл шаруашылығы шикізатын терең өңдеу – аграрлық саясаттың басым бағыттарының бірі. Мұндай жобалар отандық шикізатты тиімді пайдалануға және жоғары қосылған құны бар өнім шығаруға мүмкіндік береді.
Үкіметтің қолдауымен 2025 жылдың соңында Ақтөбе қаласында табиғи қой жүнінен тоқыма емес материал өндіретін алғашқы зауыт іске қосылған. Кәсіпорында италиялық Cormatex SRL компаниясының Cormatex Airlay технологиясы қолданылады. Жылына шамамен 3,6 мың тонна жүн өңделеді.
Компания өкілдері енді екінші зауыт салуға ниетті. Жобаның алдын ала құны – шамамен 10 млн доллар. Кәсіпорынды Астана қаласында салу мүмкіндігі қарастырылып жатыр. Сонымен қатар қой шаруашылығы дамыған өңірлерде жүн қабылдау, жуу және сұрыптау бекеттерін ашу жоспарланған.
Бұл фермерлердің логистикалық шығындарын азайтып, жүн сатып алу бағасын арттыруға мүмкіндік береді. Министрлік мұндай өндірістік бастамаларды қолдауға дайын екенін мәлімдеді.





