«ҚазМұнайГаз» басшылығы «Өзенмұнайгаздың» ереуілшілерін жұмысқа шығуға шақырды
«ҚазМұнайГаз» басшылығы «Өзенмұнайгаз» ереуілдеген бұрғылау жұмыстары басқармасының қызметкерлерін жұмысқа шығуға шақырды
«ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы» АҚ басшылығы еншілес компаниясы «Өзенмұнайгаз» АҚ-ның (ӨМГ) Бұрғылау жұмыстары басқармасының (БЖБ) ереуілдеп жатқан қызметкерлерін ереуілді тоқтатып, жұмысқа шығуға шақырды және осы жағдайда жазалау шаралары қолданылмайтынын уәде етті. Бұл туралы ҚМГ мәлімдемесінде айтылған.
ҚМГ мәліметінше, 3 желтоқсан күні «Өзенмұнайгаздың» бас кеңсесі орналасқан Жаңаөзен қаласында ұлттық компания төрағасының орынбасары Бекзат Абайылданов ереуілшілермен кездесіп, оларды жұмысқа шығуға үндеді.
«ӨМГ-де жақсы еңбек жағдайлары жасалған және әр қызметкерге әлеуметтік қолдау ретінде жыл сайын 3,8 млн теңге бөлінеді деп есептейміз. БЖБ қызметкерлерін жұмысқа шығып, татуластыру комиссиясы аясында келіссөздер жүргізуге шақырамыз», – делінген ҚМГ мәлімдемесінде.
Келіссөздер қорытындысы бойынша хаттама толтырылып, ереуілшілер өз жұмыс орындарына оралған жағдайда ҚМГ мен ӨМГ оларға тәртіптік жаза қолданбайтыны уәде етілді.
Алайда ҚМГ-нің айтуынша, бұрғышылар кәсіподағының төрағасы хаттамаға қол қоюдан бас тартты.
Бұған дейін хабарланғандай, 2024 жылғы 12 қарашада «Өзенмұнайгаз» бұрғышылары Жаңаөзенде өндірісті тоқтатып, ереуіл бастаған. Олар жұмыссыздықты жоюды, 2013 жылға дейін қолданылған тәуелсіз еңбекақы төлеу жүйесіне қайтып оралуды, сондай-ақ зейнетке шыққан «Өзенмұнайгаз» қызметкерлерінің және өндіріс салдарынан денсаулығынан айырылған жұмысшылардың балаларын штатқа қабылдауды талап еткен.
Кейінірек «ҚазМұнайГаз» ӨМГ қызметкерлері кәсіподағының талаптарына жауап беріп, олардың кейбірін мүмкін емес әрі орынсыз деп бағалады. Атап айтқанда, зейнетке шыққан бұрынғы ӨМГ қызметкерлерінің балаларын тікелей штатқа қабылдау туралы талап жұмысқа қабылдау ережелеріне қайшы келеді деп түсіндірілді. Қолданыстағы алгоритм бойынша олар жұмысқа жұмыссыз азаматтармен бірдей 50/50 арақатынаста қабылданады.
Еңбек шартына жалақыға 30% үстемеақы қосу туралы талапқа жауап ретінде КМГ мұндай төлемдердің қызметтерді біріктіргенде, қызмет көрсету аймағы кеңейгенде немесе қосымша функциялар орындалғанда жасалатынын атап өтті. Сонымен қатар, «Өзенмұнайгаз» қызметкерлерінің жалақысы индекстеліп, өңірдегі басқа мұнай-газ өндіруші компаниялардағы орташа жалақыдан жоғары екені айтылды.
Бұған дейін КМГ «Өзенмұнайгаздағы» ереуілден күн сайын 100 тонна мұнай өндірісі тоқтап тұрғанын мәлімдеген болатын.
«Өзенмұнайгаз» батыс Қазақстандағы Өзен және Қарамандыбас кен орындарында мұнай, газ және газ конденсатын өндірумен айналысады. Компания құрамында 16 өндірістік бөлімше бар. Онда 9 мыңнан астам адам жұмыс істейді. Компанияның жалғыз иесі – Қазақстанның мұнай-газ саласындағы барлау, өндіру, өңдеу және көмірсутектерді тасымалдау жөніндегі ұлттық операторы «ҚазМұнайГаз».