
Сенатор Андрей Лукин Қазақстан ғарыш индустриясында жалға беруші ел мәртебесінен қатысушысы деңгейіне көтерілуі тиіс деген пікірде.
Өзінің депутаттық сауалында ол бұл бағыттағы жұмысты жандандыру қажет екенін атап өтіп, нақты ұсыныстарын айтты.
«Ғарыш аппараттарын құрастыру-сынақ кешеніне мемлекеттік сатып алулар мен технологиялық үдеріс саласында артықшылықтар мен жеңілдіктер беру қажет. Жұмыс істеуге барынша тиімді жағдай жасауымыз керек. Бұл салада университеттер мен стартаптардың қатысуымен шағын жерсеріктерді (CubeSat, микроспутниктер) жасау басты бағыт болуы мүмкін. Сондай-ақ, Жерсеріктерді басқару орталығын кеңейтіп, Қазақстанды ғарыш қызметтерін – өндіріс, ұшыру және технологиялық сүйемелдеу – экспорттаушы ел ретінде ілгерілету маңызды. Бұдан бөлек, «KazSat-3R» жобасын қолдау үшін республикалық бюджеттен бірлесіп қаржыландыру арқылы 40 миллиард теңгеден астам қаржы қажет», – деді сенатор Лукин.
Депутат спутниктік бағдарламаны жаңғырту, аса жеңіл тасымалдаушы зымыранды ұшыру және Байқоңырда арнайы экономикалық аймақ құру қажеттігіне назар аударды.
Бұған қоса, кадр тапшылығын жою және ғылыми негізді жүйелі түрде қалыптастыру да өзекті екенін атап өтті.
«Кадр даярлау мен ғылыми әлеуетті дамытуға ерекше көңіл бөлу қажет. Инженерлік-ғарыш факультеттерін ашу, тағылымдамаларды қолдау, ғылыми базаларды дамыту қажет. Озық технологиясыз тұрақты инновациялық экономика құру мүмкін емес. Жерді қашықтықтан зондтау деректерін пайдалану оларды ауыл шаруашылығында, экологияда, құрылыста және төтенше жағдайларда қолдану жұмыс тиімділігін арттырады, әсіресе су ресурстары, жерді пайдалану және климат мониторингі өзекті болып табылады. Болып жатқан өзгерістерді жазып қана қоймай, төтенше жағдайларды болжау және алдын-алу, олардың әсерін азайту үшін нақты ұсыныстар жасау маңызды», – деді Сенат депутаты.