Си Цзиньпин Қазақстанға жеке көлігін ала келгені белгілі болды. Мәребелі мейманның жеке өзіне тиеселі брондалған Hongqi N701-дің Астана көшелерімен өткен суретін Aqorda телеграм арнасы жариялады.
Сипаттамасы өте құпия ұсталатын, тіпті Қытай сайттарынан суреті табылмайтын (көліктің барлық фотосуреттерін шетелдік журналистер түсірген) N701-ді ҚХР Төрағасы 2022 жылы пайдалана бастады. Ресейлік БАҚ алғаш рет Гонконг саммиті кезінде мінді деседі. Кейін Индонезиядағы G20 саммитінде, одан кейін Ресейге сапары кезінде, ал қыркүйекте Қазақстанға мемлекеттік сапары кезінде кортеджінен көрінді. Кейбір деректерде Си төраға шетелдік сапарларында бұл көліктің 2 данасын алып жүреді деседі.
Hongqi N701 туралы қарама-қайшы ақпарат көп. Кейбір автосарапшылар капоттың астында 4,0 литрлік V8 турбо қозғалтқышы бар дейді, ал басқалары флагмандық H9 седанымен ішінара біріктірілген және гибридті V6, 3,0 литрлік қозғалтқышпен жабдықталған деп санайды. Соңғысы шындыққа жақын сияқты, өйткені 2022 жылы Ресейге сапары кезінде әуежайдан түсірілген суреттердегі көлік 3,0 литрлік қозғалтқышпен және қосымша электромотормен жабдықталғаны байқалады. FAW-тың кейбір ішкі құжаттарына қарағанда жылына N701-дің 5-ақ данасы шығарылады.
ҚХР Төрағасына N701-ге дейін, 2018-2022 жылдар аралығында Hongqi N501 тиеселі болған. Ол көліктің мінездемесі туралы әлі күнге дейін толық ақпарат жоқ. Төраға Си-ге арналған басқа көліктер сияқты ол да мотор-шоуларда көрсетілмеді, журналистерге таныстырылған жоқ. Тіпті FAW-тың ресми сайтынан да таппайсыз. Және бір қызығы осы күнге дейінгі басшылардың қолданысынан шыққан Hongqi-лер азаматтық көлік ретінде сатыла бастайтын. N501 -ді N701 алмастырғаннан кейін де сатылымға шыққан жоқ.
Айта кетейік, FAW мемлекеттік автоконцерніне тиеселі Hongqi (ауд.қызыл жалау) автобрендінің 65 жылдық тарихы бар. Оның азаматтық салаға арналған көліктері былтырдан бері Қазақстанда ресми сатыла бастады.