Нұр-Сұлтан. 8 маусым. 7kun.kz - 2021 жылы бірнеше министрлік Республикалық бюджет бөлген қаражатты толық игермеген. Ол 68,8 млрд теңгені құрайды, деп хабарлайды 7kun.kz. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Зәкіржан Кузиев Facebook желісіндегі парақшасында жазды.
Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында бірнеше маңызды заң жобалары талқыланды. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Үкіметінің және Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің 2021 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептері жөнінде тыңдау өтті.
"Ең маңыздысы 2021 жылғы бюджеттің орындалуына қатысты есепте ҚР Премьер министрінің орынбасары, Қаржы министрі Ерұлан Жамауабаев бюджетті игермеген министрліктерге қатысты мәліметті жария етті. Өткен жылы:
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі- 30 млрд теңге;
Мәдениет және спорт министрлігі - 4,5 млрд;
Денсаулық сақтау министрлігі- 7,4 млрд теңге;
Білім және ғылым министрлігі - 8,1 млрд теңге", - деп жазды ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Зәкіржан Кузиев әлеуметтік желідегі парақшасында.
Отырысқа қатысқан депуттар Тұрғын үй құрылысы, экология, бюджетті жоспарлау, бюджет қаражатын мақсатсыз жұмсау, ауылшаруашылық, өндіріс, цифрландыру және ақпараттық салаға жауапты министрлерге тиісті сұрақтар қойды. Алайда депутаттар барлық жауапқа қанағаттанбаған сыңай танытты. Спикер Ерлан Қошанов алдағы күндері 2021 жылғы бюджеттің игерілуіне қатысты талқылау Сенатпен біріккен отырыста жалғасады деді.
Депутаттардың айтуынша, Министрлер кабинеті былтыр бюджетті 12 рет түзеткен. "Соның өзінде 68,8 млрд теңге игерілмей қалған", дейді ҚР Парламент Мәжілісі депутаты Зәкіржан Кузиев.