Қазақстан Республикасының Қаржылық мониторинг агенттігі andersonchik1 лақап атымен танымал блогер, Қазақстан азаматы Ильяр Ювашевке мемлекетаралық іздеу жариялады.
Агенттіктің мәліметінше, ол Қазақстан аумағында лицензиясыз жұмыс істеген заңсыз интернет-казино қызметін ұйымдастыруға жәрдемдесті деген күдікке ілінген.
Тергеу деректеріне сәйкес, И. С. Ювашев 2024–2025 жылдары интернет-казино желісін құруға және басқаруға қатысқан. Аталған ресурстардың қатарында mellstroy.gamе сайты да бар.
Қаржы операцияларын жасыру және қаражатты заңдастыру мақсатында 22 жалған заңды тұлға тіркеліп, POS-терминалдар мен электронды төлем жүйелері қолданылған. Осы схема арқылы ойыншылардан 3,6 млрд теңгеден астам қаражат түскені анықталған.
Ведомство іздеудегі тұлғаның орналасқан жері туралы қандай да бір ақпарат белгілі болған жағдайда Астана қаласы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментіне хабарлауды сұрады.





