Редакция: +7 (777) 242 5522
Бізге жазылыңыз:

«Корпоративтік табыс салығын көтеру – Қазақстанды шикізаттық өткенге қайтару»

«Корпоративтік табыс салығын көтеру – Қазақстанды шикізаттық өткенге қайтару»

Қазіргі уақытта Мәжілісте жаңа Салық кодексі қаралып жатыр. Осы заң жобасында кейбір депутаттар өңдеуші өнеркәсіпке беріліп келген корпоративтік табыс салығы (КПН) бойынша жеңілдіктерді алып тастауды ұсынып отыр.

Бұл бастама кәсіпкерлер тарапынан теріс реакция туғызды. Осы орайда бизнес партияның ұстанымын білу үшін біз «Respublica» фракциясының жетекшісі Айдарбек Ходжаназаровқа жүгіндік. Ол бұл мәселеге қатысты өз пікірін білдірді. 

Үкімет жаңа Салық кодексі аясында өңдеуші өнеркәсіп субъектілеріне Үкімет шешімі негізінде 10% мөлшерінде жеңілдетілген КТС төлеу мүмкіндігін ұсынды. Депутаттың пікірінше, бұл – Үкімет тарапынан дер кезінде қабылданған дұрыс әрі қажетті шешім.

Алайда егер депутаттардың жеңілдікті алып тастау жөніндегі ұсынысы қабылданатын болса, Қазақстан индустрияландыру мүмкіндігін біржола жоғалтуы мүмкін. Бұл жай ғана салық мөлшерлемесінің өзгеруі емес – бұл елдің өндірісі мен экспорттық әлеуетіне соққы болатын стратегиялық қате қадам, деп есептейді депутат.

«Біз экономиканы әртараптандыруды айтып жүрміз, бірақ сонымен бірге оны нақты дамытатын секторларға кедергі келтіретін ұсыныстар түсіп жатыр. Индустрияны дамытамыз, инвестор тартамыз дейміз де, бірінші қадам ретінде өндіріспен айналысып отырғандарға салықты екі есе көбейтуді ұсынамыз – бұл қаншалықты қисынды?», – деді Айдарбек Ходжаназаров.

 Бүгінде Қазақстанның жалпыСалық  ішкі өніміндегі өңдеуші өнеркәсіптің үлесі небәрі 12%-ды құрайды. Бұл көрсеткіш сауда саласынан да төмен. Ал 2000 жылы бұл үлес 16,5% болатын. Қазіргі уақытта экспорттағы күрделі өнімдердің үлесі – 5,8% ғана, ал шикізат – 63,5%-ды құрап отыр. Яғни біз өндірісті ынталандырудың орнына кәсіпкерлерге таңдау ұсынып отырмыз: не жабыл, не көлеңкелі экономикаға кет.

«Дамыған елдерде экономикалық тоқырау кезінде өндіріске салынатын салықтар азайтылады. Ал бізде, керісінше, кейбір депутаттар зауыттарды жаптырып, инвесторларды шетелге қуатын ұсыныстар айтуда. Егер бұл норма қабылданса, ешкім өндірісін жаңартуға қаржы салмайды – ертең бәрібір мойныңа көтере алмайтын салық іледі», – деп атап өтті депутат.

Мәселе тек салық ауыртпалығында емес. Өңдеуші өнеркәсіп қазірдің өзінде жеткілікті қолдау көріп отырған жоқ. Бұл секторға барлық салықтық жеңілдіктердің тек 14,4%-ы ғана тиесілі. Бұл артықшылық емес, керісінше, саланы ұстап қалуға бағытталған соңғы амалдардың бірі, дейді ол.

«Кейбіреулер ойлайтындай, бұл – "майлы" сала емес. Бұл – қазірдің өзінде бар күшін салып, әрең күн көріп тұрған сектор. Егер оны салықпен тұншықтыратын болсақ, онда біз шикізат пен импортқа тәуелді ел болып қаламыз. Бұл – Қазақстанды «шикізаттық өткенге» қайтаратын билет. КПН-ді көтеру капиталдың сыртқа кетуіне, инвестиция көлемінің азаюына, кәсіпорындардың жаппай жабылуына және жұмыс орындарының қысқаруына алып келеді. Әсіресе өнеркәсіп жалғыз табыс көзі саналатын өңірлерде бұл – үлкен апат», – деп түйіндеді Ходжаназаров.

Айдарбек Ходжаназаровтың айтуынша, 10% мөлшерлемені сақтау – жай ғана бизнесті қолдау емес, бұл – ел болашағы үшін стратегиялық шешім. Өзге фракциялар мен кейбір депутаттар салықты 20%-ға дейін көтеруге әзір болса, ол өңдеуші өнеркәсіп пен экономиканың мүддесін соңына дейін қорғайтынын мәлімдеді.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Ұқсас материалдар