2025 жылдың қорытындысы бойынша «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының желісімен тасымалданған астық көлемі 14,3 млн тоннадан асты.
Бұл 2024 жылғы көрсеткіштен 31% жоғары.
Экспорт көлемі 11 млн тоннаға жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 33% артты. Ішкі тасымалдар да 26% өсіп, 3,3 млн тоннаны құрады. Мұндай жоғары көрсеткіш соңғы 10 жылда алғаш рет тіркеліп отыр.
Орталық Азия елдеріне жөнелтілген астық көлемі 30% ұлғайып, 6,3 млн тоннаға жетті. Оның ішінде Қырғызстанға тасымал екі есе, Тәжікстанға – 12%, Өзбекстанға – 32% артқан. Сонымен қатар Әзербайжанға тасымал 3 есе, Иранға – 69%, Ауғанстанға – 63% көбейген. Балтық елдеріне жөнелтілім 6 есе өсіп, 800 мың тоннадан асты.
2025 жылдың желтоқсан айында теміржол арқылы 1,6 млн тонна астық тасымалданып, айлық рекорд жаңарды. Бұл 2024 жылғы желтоқсанмен салыстырғанда 14% жоғары көрсеткіш.
Қытай бағыты бойынша экспорт 30% өсіп, 4,2 млн тоннадан асты.





