Жамбыл облысында сот жергілікті "ҚТЖ- Жүк тасымалы" ЖШС пайдасына 60 миллион теңгеден астам өтемақы өндіру туралы шешім шығарды.
Бұл сома 2022 жылғы қыста «Науалы» станциясында болған жүк вагондарының рельстен шығу оқиғасымен байланысты, деп хабарлайды соттың баспасөз қызметі.
Апат кезінде 12 жүк вагоны рельстен шығып кеткен, оның төртеуі "ҚТЖ- Жүк тасымалы" ЖШС-не тиесілі болған. Тергеу нәтижесінде апаттың себебі – шетелдік кәсіпорын шығарған бүйірлік жақтаудың сынуы екені анықталды.
Сараптама қорытындысы бойынша, ақау металл құю процесіндегі кемшіліктерден туындаған. Зақымның деңгейі жоғары болғандықтан, вагондарды пайдаланудан шығару қажет болды.
Оқиға салдарынан бірнеше кәсіпорынның мүлкі бүлінген. ЖШС өз есебінен 60 миллион теңгеден астам шығынды өтеп, тиісті құжаттарды сотқа ұсынғаннан кейін шетелдік өндіруші - ресейлік зхауытқа қарсы регрессиялық талап қойған.
2023 жылы экономикалық сот өндірушінің кінәсін дәлелдеген болатын. Ол шешім жаңа істі қарау кезінде де преюдициялық мәнге ие болды.
Материалдарды зерделеген сот апат пен өндіруші әрекеті арасында тікелей себептік байланыс бар екенін анықтап, талапкердің арызын толық қанағаттандырды.
Ресейлік өндірушіден 60 миллион теңгеден астам өтемақы және 1,8 миллион теңге сот шығыны өндірілді.
Шешім заңды күшіне енді.





