Қытайлық инвесторлар Қазақстанда көмірді газға айндыру жобаларын жүзеге асырмақ
Қазақстанда көмір-химия өнеркәсібін дамыту мәселелері талқыланған кеңес өтті.
Отырысты ҚР Энергетика вице-министрі Санжар Жаркешов жүргізді. Кеңеске «CHN Energy Development Co. Limited», «Самұрық-Энерго» АҚ, «Qarmet» АҚ, «Богатырь Көмір» ЖШС, «QazaqGaz» Ғылыми-техникалық орталығы, «Еуразиялық топ» және басқа да салалық ұйымдардың өкілдері қатысты.
Энергетика министрлігі Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес көмір-химия саласын дамытудың перспективалық бағыттарын зерттеп, жаңа жобаларды бағалау жұмыстарын бастады.
Жиында саланың негізгі мәселелері қаралып, қатысушылар өз ұсыныстарын білдірді. Әсіресе Қытайдың «CHN Energy Development Co. Limited» компаниясының көмір-химия кешенін салу бастамасы және Shandong Energy Group-тың көмірден газ өндіру жобалары назарға алынды.
Кеңес қорытындысында көмір-химиясын дамыту жөніндегі жұмыс тобының құрамы жаңартылып, қытайлық инвесторлармен іске асырылатын нақты жобалар айқындалды. Сондай-ақ саланың дамуын тежеп отырған кедергілерді жоюға бағытталған іс-қимыл жоспары жасалды. Министрлік жұмыс тобымен және инвесторлармен тұрақты түрде кездесулер өткізіп отырмақ.





