Қазақстан Ұлттық банкі мемлекеттік қарызды тиімді басқаруға бағытталған жаңа құрылым – Мемлекеттік қарызды басқару офисін (Debt Management Office) құру жұмыстары басталғанын мәлімдеді.
Бұл туралыҰлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов Үкімет отырысында хабарлады.
Қарызды басқарудың жаңа жүйесі
Сүлейменовтің айтуынша, жаңа офис мемлекеттік қарыз саясатын жетілдіруге қатысты стратегиялық міндеттерді атқарады.
Оған қоса, құрылым келесі функцияларды орындайды:
- мемлекеттік қарыз бойынша ақпарат жинау;
- оның тұрақтылығына талдау жасау;
- қарызды басқару жөніндегі шешімдерді дайындау.
Төраға бұл бастама ішкі нарықтағы мемлекеттік бағалы қағаздардың дамуына ықпал етіп, кірістілік қисығын қалыптастыруға, сондай-ақ ақша-кредит саясатының тиімділігін арттыруға мүмкіндік беретінін атап өтті.
Валюта бағамына қатысты пікір
Үкімет отырысы барысында Тимур Сүлейменов елдегі валюта бағамының сұраныс пен ұсынысқа сай табиғи түрде қалыптасатынын да атап өтті. Сонымен бірге қажеттілік туындаса, Ұлттық банк нарыққа интервенция арқылы араласуға дайын екенін жеткізді.





