Қазақстан Ұлттық банкі мәліметінше, Ұлттық қор активтері 64,6 млрд долларға дейін өсті.
Бұл туралы Сенат кулуарында Ұлттық банк төрағасының орынбасары Әлия Молдабекова мәлімдеді. Оның айтуынша, 2025 жылдың қорытындысы бойынша қор табыстылығы рекордтық деңгейге жетіп, 8,7 млрд долларды құраған.
Спикердің сөзінше, трансферттер көлемі жоғары болғанына қарамастан, қор активтері артқан. Мәселен, 2024 жылдың соңында 58,8 млрд доллар болған көрсеткіш 2025 жылдың соңында 63,9 млрд долларға жеткен. Қазіргі таңда қордың нарықтық құны 64,6 млрд доллар болып отыр.
Молдабекова Ұлттық қордан қаражат алу көлемі де қысқарғанын атап өтті. Егер 2025 жылы жалпы трансферттер 5,2 трлн теңгеден асса, 2026 жылы бұл көрсеткіш шамамен 2,2 трлн теңге деңгейінде жоспарланған.
Оның айтуынша, бұл қысқару нысаналы трансферттердің болмауына байланысты. Биыл тек кепілдендірілген трансферттер қарастырылған.
Сондай-ақ, ол Ұлттық қор қаражатын пайдалану қатаң бюджеттік ережелермен шектелетінін жеткізді. Атап айтқанда, кепілдендірілген трансферт мұнай бағасының консервативті болжамына негізделсе, нысаналы трансферттер мемлекеттік шығыстардың шекті деңгейімен реттеледі.
Ұлттық банк өкілінің айтуынша, трансферттердің қысқаруы қор қаражатын тиімді басқаруға және оның көлемін ұлғайтуға мүмкіндік береді.





