
Алматыдағы тұңғыш «Magnum E-commerce Kazakhstan» ЖШС мамандандырылған Dark Store форматындағы заманауи қоймасына барған Олжас Бектенов ритейл саласындағы жаңа инфрақұрылыммен танысты. Хаб логистиканы жеделдетеді, тұтынушыларға қызмет көрсету сапасын арттыра отырып, тәулігіне 18 мыңға дейін тапсырысты тиімді өңдеуге қабілетті. Инвестициялық жобаға 13 млрд теңге салынды, 800 жұмыс орны ашылды.

Алматыда электронды коммерцияның кеңінен дамуы кәсіпкерлерге жаңа нарықтарға шығуға және өнімдер мен қызметтерді тиімді сатуға қосымша мүмкіндіктер ашады. Бүгінде қаланың үлесіне еліміздегі тауарлардың электронды бөлшек саудасы көлемінің 95,2%-ы және қызметтердің электронды саудасының 93,2%-ы тиесілі.
Үкімет баспасөз қызметінің хабарлауынша жалпы, өткен жылы еліміздегі электронды сауда көлемі соңғы 5 жылда 5 есеге өсіп, 3,2 трлн теңгеге жетті. е-commerce үлесі бөлшек сауданың жалпы көлемінің 16,6%-ын құрады.
Кездесу барысында Kaspi.kz инновациялық қазақстандық компаниясының басшысы және тең құрылтайшысы Михаил Ломтадзе 2025 жылдың өзінде Kaspi. kz платформасындағы Magnum онлайн супермаркеті арқылы 800 мыңнан астам қазақстандық 5,3 млн жылдам жеткізу онлайн тапсырысын бергенін айтты. Сатылымдардың 50%-дан астамы отандық өнім. Сонымен қатар 4,5 мың жұмыс орны құрылған. Kaspi.kz платформасындағы Magnum онлайн супермаркеті мемлекет бюджетіне 5 млрд теңге көлемінде салық аударған, оның жартысы немесе шамамен 2,4 млрд теңгесі 2024 жылы төленген.
Премьер-министр өз кезегінде тұтынудың, логистика мен сауданың заманауи моделін қалыптастырудың маңыздылығын атап өтті. 2017 жылдан бері көлеңкелі экономиканың 7,5%-ға қысқаруы маңызды нәтиже болып отыр. Үкімет сауда мен транзитті белсенді дамыту үшін инфрақұрылым құруда барынша қажетті қолдау көрсетеді. Отандық өндірушілерді қолдауға баса назар аударылуда. Әкімдік пен Сауда министрлігіне ритейлер мен қазақстандық компаниялардың ынтымақтастығын құру тапсырылды.