Машкеевичпен бірге Патох Шодиев те директорлар кеңесінің мүшелігінен кетіп, орнына ұлы Сабир Шодиев кірді. Ол 2021 жылдан бастап топтың бас атқарушы директорының орынбасары және Қазақстандағы ERG басшысының бірінші орынбасары қызметін атқарады.
Сонымен қатар директорлар кеңесінің жаңа мүшесі болып 2023 жылдан бастап тау-кен компаниясының бас атқарушы директорының орынбасары қызметін атқарып келе жатқан Эдуард Сурлевич тағайындалды.
Қазақстан Республикасы үкіметінің өкілдері – Премьер-Министрдің орынбасары Серік Жұманғарин және Қаржы министрі Мәди Такиев директорлар кеңесінің мүшелері ретінде қала береді.
Директорлар кеңесіндегі кадрлық өзгерістер жаһандық сын-қатерлер мен қарқынды өзгеріп жатқан нарық жағдайында компанияның әрі қарай дамуы мен нығаюына бағытталған, деп түсіндірді ERG баспасөз қызметі.
«Жаңартылған директорлар кеңесінің құрамына кіретін басшылар компанияның өмірі мен процестеріне көптен бері қатысып келеді, мол тәжірибеге ие және топ акционерлерімен бірге ERG-тың стратегиялық мақсаттары мен міндеттерін іске асыруды жалғастырады. Олардың жоғары кәсібилігі мен корпоративтік құндылықтарға адалдығы компанияның эволюциясының табиғи процесі шеңберінде сабақтастық пен тұрақтылықты қамтамасыз етеді», – деді компаниядан.
Eurasian Resources Group директорлар кеңесін басқарған Шухрат Ибрагимов 2021 жылдан бастап директорлар кеңесінің құрамына кіреді. Ол он жыл бойы ERG тобының әртүрлі бизнес салаларында жұмыс істеп, өндірісті жоспарлау және халықаралық серіктестермен жұмыс істеу міндеттерін атқарды. Компанияның баспасөз қызметі атап өткендей, Шухрат Ибрагимовтың қатысуымен топтың қазақстандық және халықаралық жобалары, соның ішінде Қытаймен ынтымақтастықта Metalkol кәсіпорнының даму жобасы әзірленіп, іске қосылды, нәтижесінде ол әлемдегі ең ірі үш кобальт өндірушілердің қатарына кірді.
Сондай-ақ, Шухрат Ибрагимов «Еуразия» сақтандыру компаниясы мен Еуразиялық банк директорлар кеңесінің құрамына кіреді. 2024 жылы ол Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Шетелдік инвесторлар кеңесінің мүшесі болды.
Eurasian Resources Group акционерлері: 40% үлеспен Қазақстан Республикасы үкіметі, Александр Машкевич 20,7%, Патох Шодиев 18,6% және Ибрагимовтар отбасы 20,7% үлеспен кіреді.
Dalainside телеграм арнасының жазуынша 70-ке толған шағында Еуразиялық үштік серкесі, олигарх Александр Машкевичтің жағдайы мүлде нашарлаған.
«Былтыр ол миға операция жасатып, қатерлі ісікті сылып тастаған болатын. Алайда метастаздар Александр Антонұлын оңайшылықпен жібермеген сияқты. Машкевичтің тіпті келесі жылға дейін өмір сүретіні күмәнді деп ойлаймын. Оның сансыз активтері, өзі ғана білетін офшорға тығылған капиталын ескерсек, мұраны бөлу мен активтерді басқару мәселесі ушығып тұр», деп жазады телегам арна.