Редакция: +7 (777) 242 5522
Бізге жазылыңыз:

Мемлекет арнайы деректер банкінен құрылыс жобаларын еркін пайдалана алады

Мемлекет арнайы деректер банкінен құрылыс жобаларын еркін пайдалана алады
Қазақстанда құрылыс жобаларының мемлекеттік банкінде орналастырылатын жобалардың авторлық құқық мәселесі реттелді.

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Қаржы министрлігімен бірлесіп тиісті шаралар қабылдады.

Бұл мәселе құрылыс саласында баға белгілеу жүйесіне жүргізілген мемлекеттік аудит кезінде белгілі болды.

Жоғары аудиторлық палата мемлекеттік банкте 6,7 мыңнан астам жоба бар екенін, алайда кейбіреулеріне авторлық (мүліктік) құқық болмағандықтан, оларды пайдалануда қиындық туындайтынын анықтады.

– Ал жобалар банкі негізінен мемлекет бір-біріне ұқсас объектілерді салу кезінде үнемі жаңа құжаттамаға тапсырыс бермей, жұмсалатын қаражатты үнемдеуі үшін құрылды. Осыған байланысты Өнеркәсіп министрлігіне Қаржы министрлігімен бірлесіп заңнамаға қажетті өзгерістер енгізу және авторлық құқық мәселесін реттеу тапсырылды, – деп хабарлады палатадан.

Нәтижесінде жаңартылған «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заң аясында (2025 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енді) жаңа қағидалар бекітілді. Енді жобалау немесе жобалау-сметалық құжаттаманы жасау жөніндегі жұмыстарды сатып алу туралы шартқа сәйкес орындаушы жобаны одан әрі пайдалану құқығын тапсырыс берушінің пайдасына береді. Бұл құжаттаманы қабылдау-тапсыру актісіне қол қою арқылы ресімделеді. Бұл норма бюджет қаражаты және квазимемлекеттік сектор субъектілері есебінен салынатын құрылыс жобаларына қолданылады. Мемлекеттік аудит қорытындылары бойынша басқа да тапсырмалардың орындалуы Жоғары аудиторлық палатаның бақылауында болады.

Ұқсас материалдар