Өткен жылдың 11 айында Қазақстанның мемлекеттік бюджетіне 21,467 трлн теңге салықтық және өзге де түсім түскен.
Оның 60,9%-ын небәрі екі қала мен екі облыс қамтамасыз етіп отыр. Бұл туралы «Черный лебедь, рак и щука» Telegram-арнасы хабарлады.
Ең ірі үлес қосқан өңір – Алматы қаласы. Одан кейін Астана, Атырау облысы және Алматы облысы орналасқан. Ал Жетісу облысы бюджетке үш жарым есе аз қаражат аударған.
Бюджетке ең көп түсім берген өңірлер қатарында:
Алматы – 5,9 трлн теңге,
Астана – 3,4 трлн теңге,
Атырау облысы – 2,6 трлн теңге,
Алматы облысы – 1 трлн теңге.
Сондай-ақ Түркістан, Павлодар, Қарағанды облыстары мен Шымкент қаласы да үздік ондыққа енген.
Жан басына шаққандағы түсім бойынша Атырау облысы көш бастап тұр – бір тұрғынға 3,6 млн теңгеден келеді. Одан кейін Алматы мен Астана орналасқан.
Ал ең төмен көрсеткіштер Жамбыл, Солтүстік Қазақстан, Жетісу, Түркістан және Қызылорда облыстарында тіркелген.
Сарапшылардың пікірінше, бұл мәліметтер Қазақстандағы экономикалық белсенділіктің өңірлер арасында біркелкі емес екенін көрсетеді. Мұнайлы аймақтар мен мегаполистер негізгі донор болса, аграрлық және әлеуметтік тұрғыдан әлсіз өңірлер бюджетке аз үлес қосып отыр.





