
Бұл туралы Сенат депутаттарының сауалына Премьер-министр Олжас Бектеновтің жауабында айтылған.
– Бюджеттік инвестициялық жобалардың жобалау-сметалық құжаттамасын түзетуге қатысты сауалдарыңызды қарап, мынаны хабарлаймын. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес жобаларға сараптама жүргізгенде жобалардың техникалық және сметалық бөлігіне де талдау жасалады, онда шығыс пен объектілердің құнын қысқарту ескеріліп, оңтайлы шешімдер қабылданады. 2022-2024 жылдар кезеңінде «Мемсараптама» РМК мәлімделген құны 56,6 трлн теңге болатын 9,7 мың жоба бойынша сараптама жүргізді. Бұл ретте ұсынылатын құны 49,3 трлн теңге болатын 8,4 мың жоба бойынша оң қорытынды (7,6 трлн теңгеге төмендеу), 1,3 мың жоба бойынша теріс қорытынды берілді. Аталған 9,7 мың жобаның ішінде 2,2 трлн теңге сомасына 707 (7,3%) түзету жүргізілді, – деді Үкімет басшысы жауабында.
Оның атап өтуінше, инфляция, құрылыс материалдары бағасының өсуі, логистика құнының ұлғаюы жобалардың қымбаттауының негізгі себебі болды. Осыған байланысты жобаларды іске асыру мерзімінің кешіктірілуіне жол бермеу мақсатында 2023 жылы Үкімет заңнамаға конкурстық рәсімдер жүргізілмеген және құрылыс-монтаж жұмыстарын қаржыландыру көзделмеген жобалар бойынша ЖСҚ (жобалық-сметалық құжаттама) сметалық бөлімін түзету мүмкіндігін көздейтін өзгерістер енгізді.
– Бұл түзетулер жобалық шешімдерді өзгертпей, құрылыс басталғанға дейін ЖСҚ-ның сметалық бөлігін өзектілендіруге, мемлекеттік органдарды жобаны іске асырудың бірінші жылында конкурстық рәсімдерді жариялауға ынталандыруға және құрылыс жұмыстарын жүргізу барысында тікелей қымбаттау тәуекелдерін азайтуға мүмкіндік береді, – деді Олжас Бектенов.