Қазақстанда мерзімді әскери қызмет өткеріп жүрген азаматтарға несие беру шектелуі мүмкін.
Тиісті норма Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі әзірлеген қаулы жобасында қарастырылып, қоғамдық талқылауға шығарылды.
Құжатта Қорғаныс министрлігі мен кредиттік бюролар арасындағы ақпарат алмасу тәртібі айқындалған. Бұл тетік әскери қызмет өткеру кезеңінде қарыздар бойынша төлемді кейінге қалдыруды қамтамасыз ету, сондай-ақ азаматтың кредиттік есебінде тиісті мәртебені көрсету мақсатында енгізілмек.
Қаулы жобасына сәйкес, банктер мен микроқаржы ұйымдары шақыру жасындағы азаматтан несие алу жөнінде өтінім түскен жағдайда оның кредиттік есебіндегі мәртебені міндетті түрде тексеруі тиіс. Егер есепте азаматтың мерзімді әскери қызметте жүргені туралы мәлімет болса, қаржы ұйымдары кредит беру жөніндегі өтінімді қабылдамайды.
«Жобада банктер мен микроқаржы ұйымдарының кредит беру туралы шешім қабылдау кезінде жеке тұлғаның мерзімді әскери қызмет өткеру фактісін ескеруі көзделген», – делінген қоғамдық талқылауға ұсынылған құжатта.
Әзірлеуші органның мәліметінше, бұл бастама «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» заң талаптарын іске асыруға бағытталған. Агенттік өкілдері қаулы жобасын қабылдау әлеуметтік-экономикалық немесе құқықтық теріс салдарға алып келмейтінін атап өтті.





