Редакция: +7 (777) 242 5522
Бізге жазылыңыз:

Meta Австралияда 16 жасқа дейінгі 550 мың аккаунтты жапты

Meta Австралияда 16 жасқа дейінгі 550 мың аккаунтты жапты

Австралияда 2025 жылғы 10 желтоқсаннан бастап 16 жасқа дейінгі жасөспірімдердің әлеуметтік желілерді пайдалануына заңмен тыйым салынуына байланысты Meta компаниясы шамамен 550 мың аккаунтты жапты.

Бұл туралы жергілікті ABC корпорациясы хабарлады. Компания мәліметінше, 4–11 желтоқсан аралығында Instagram желісінде 330 мың, Facebook-та 173 мың және Threads платформасында 39 мың аккаунт өшірілген. Олардың барлығы 16 жасқа толмаған пайдаланушыларға тиесілі деп анықталған.

Meta үкіметке жастар үшін «қауіпсіз, құпия және жас ерекшелігіне сай онлайн орта» қалыптастыру мақсатында индустриямен бірлесіп жұмыс істеуді ұсынды. Сонымен қатар компания пайдаланушылардың жасын анықтау тәсілдерінің үйлесімсіздігін сынға алды.

Премьер-министр Энтони Альбанезе бастаған үкімет осы аптада 16 жасқа дейінгі балалардың аккаунттарына қатысты ресми статистиканы жариялауды жоспарлап отыр.

Айта кетейік, жаңа заң X, Instagram, Facebook, TikTok, YouTube, Snapchat, Reddit, Twitch, Threads және Kick әлеуметтік желілерін қамтиды. Басты мақсат – алгоритмдер мен зиянды контенттің балалар мен жасөспірімдерге кері әсерін азайту.

Егер әлеуметтік желі компаниялары кәмелетке толмағандардың аккаунттарын жою бойынша тиісті шара қолданбаса, оларға 49,5 млн австралиялық доллар (шамамен 32,9 млн АҚШ доллары) көлемінде айыппұл салынуы мүмкін.

Ұқсас материалдар