«Наурыз», «Ұмай», «Алматы жастары»: талаптар мен қабылдау мерзімі белгілі болды
2026 жылы баспана алуды жоспарлап жүрген қазақстандықтар бірнеше мемлекеттік ипотекалық бағдарламаға қатыса алады.
Krisha.kz порталы «Наурыз», «Алматы жастары» және «Ұмай» жобалары бойынша негізгі талаптар мен құжат қабылдау мерзімдерін жариялады.
«Наурыз» ипотекалық бағдарламасына қатысу үшін соңғы бес жылда үміткердің атына тіркелген тұрғын үй болмауы тиіс. Сонымен қатар ресми табыс, соңғы алты айдағы зейнетақы аударымдары және «Отбасы банкінде» кемінде 2 млн теңге жинақ болуы қажет.
Бағдарлама шарттарына сәйкес, әлеуметтік осал топтар үшін мөлшерлеме 7%, қалған азаматтар үшін 9% деңгейінде белгіленген. Таза әрлеудегі үйге бастапқы жарна – 10%, қарапайым күйдегі пәтерге – 20%.
Алматы мен Астанада несие сомасы 36 млн теңгеге дейін, өңірлерде 30 млн теңгеге дейін беріледі. Ипотека мерзімі – 19 жылға дейін.
«Ұмай»: басталу мерзімі әзірге белгісізӘйелдерге арналған «Ұмай» бағдарламасының нақты іске қосылатын уақыты әлі жарияланған жоқ. Бағдарламаға отбасылық жағдайына немесе тұрғын үйінің бар-жоғына қарамастан қатысуға болады. Негізгі талап – соңғы алты айдағы ресми табыс.
Алдын ала мәлімет бойынша, несие сомасы 50 млн теңгеге дейін, бастапқы жарна ірі қалаларда 20%, өңірлерде 15%-дан басталады. Несие мерзімі 6 айдан 25 жылға дейін. Бұрынғы шарттарда бастапқы мөлшерлеме 15% болып, кейін 5–3,5%-ға дейін төмендеген.
«Алматы жастары»: 35 жасқа дейін
35 жасқа дейінгі азаматтар «Алматы жастары» бағдарламасына қатыса алады. Құжат қабылдау уақыты әлі нақтыланбаған.
Бағдарлама бойынша пайыздық мөлшерлеме – 5%, бастапқы жарна – 10%, ал ең жоғары несие сомасы 20 млн теңге. Жоба тек Алматыда ғана емес, өзге өңірлерде де іске асырылып келеді.
Әскери қызметкерлерге – «Наурыз Әскери»Күштік құрылым қызметкерлері үшін «Наурыз Әскери» бағдарламасы қарастырылған. Оған Қорғаныс министрлігі, ҰҚК, ІІМ, ТЖМ және Мемлекеттік күзет қызметінің тұрғын үй төлемдерін алатын қызметкерлері қатыса алады.
Бастапқы жарна 20%-ға дейін болған жағдайда Алматы мен Астанада 36 млн теңгеге, өңірлерде 30 млн теңгеге дейін баспана алуға мүмкіндік бар. Ал жарна 20–50% аралығында болса, пәтер құны 80 млн теңгеге дейін жетуі мүмкін. Бастапқы мөлшерлеме – 9%, сегіз жылдан кейін 5%-ға дейін төмендейді.





