Редакция: +7 (777) 242 5522
Бізге жазылыңыз:

Несие рәсімдегенде қоса қарыз алушы қандай тәуекелге барады?

Несие рәсімдегенде қоса қарыз алушы қандай тәуекелге барады?

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің түсіндіруінше, қоса қарыз алушы – қарыз алушымен бірге кредиттік шартқа қол қоятын әрі оның орындалуына толық ортақ жауапкершілік алатын тұлға.

Бұл дегеніміз: егер қарыз алушы қарызын өтемесе, банк міндеттемелерді қоса қарыз алушыдан ішінара немесе толық көлемде өндіре алады.

Әдетте, қоса қарыз алушы ипотека рәсімдегенде тартылады. Мысалы, негізгі қарыз алушының кірісі банк талабына жеткіліксіз болған жағдайда, оның табысына қоса қарыз алушының кірісі қосылып, кредит мақұлдану ықтималдығы артады.

Алайда қоса қарыз алушы қарыз алушымен бірдей жауапты болады:

  • төлем кешіктірілсе, банк оның кез келген шотынан қаражатты өндіріп ала алады;

  • қажет болса мүлкін тәркілейді немесе сотқа жүгіне алады.

Кепілгерден айырмашылығы, қоса қарыз алушының табысы несие сомасын есептеу кезінде ескеріледі. Сондықтан оның тәуекелі де жоғары – қарызды кепілдік көлемінде емес, толық сомада өтеуге міндетті.

Қоса қарыз алушы нені ескеруі керек?

Кредиттік келісімге қол қоймас бұрын:

  • шарт талаптарын мұқият оқып шығу;

  • қарыз алушы төлем қабілетсіз болған жағдайда қарызды өтеуге өз мүмкіндігін бағалау;

  • бірнеше қоса қарыз алушы болса да, шарт толық орындалғанға дейін жауапкершіліктің сақталатынын есте ұстау қажет.

Қоса қарыз алушы болу – үлкен жауапкершілік. Барлық тәуекелдерді алдын ала есептемей, басқа біреуге несие рәсімдеуге көмектесу ауыр қаржылық салдарға әкелуі мүмкін.

Ұқсас материалдар