Редакция: +7 (777) 242 5522
Бізге жазылыңыз:

Кредит беру ережелері қайта қаралады: негізгі өзгерістер жарияланды

Кредит беру ережелері қайта қаралады: негізгі өзгерістер жарияланды

Қазақстан Үкіметінің отырысында Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова кредит беру нарығын реттеуге және азаматтардың қарыз жүктемесін азайтуға бағытталған жаңа бастамаларды жариялады.

Мораторий бір жылға ұзарады

Агенттік басшысының айтуынша, азаматтардың кредиттерін коллекторларға сатуға енгізілген мораторий тиімді болған. Соның нәтижесінде проблемалық қарыз алушылар саны коллекторлық агенттіктерде 54 пайызға азайған. Осыған байланысты мораторий мерзімін 2027 жылдың 1 мамырына дейін ұзарту жоспарланып отыр.

Ипотека арзандайды

2026 жылғы шілдеден бастап ипотекалық кредиттердің жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі 25 пайыздан 20 пайызға дейін төмендетіледі. Бұл тұрғын үйге қолжетімділікті арттыруға бағытталған.

Корпоративтік кредиттеуді кеңейту

2026 жылғы 1 сәуірден бастап бөлшек кредиттер бойынша капиталдың секторлық контрциклдік буфері 2 пайыз деңгейінде іске қосылады. Сонымен қатар өтімділік нормативтерінің төмендетілген деңгейі сақталып, банк жүйесінде шамамен 3 триллион теңгеге дейін қосымша өтімділік босатылады. Бұл қаражат бизнеске берілетін кредит көлемін ұлғайтуға мүмкіндік береді.

Кредиттеу талаптарына жаңа әдістемелер енгізіледі

Ұлттық банкпен бірлесіп ипотекалық мөлшерлемелерді есептеудің жаңа механизмі әзірленбек. Ол қарыз көлемінің тұрғын үй құнына қатынасына негізделеді.
Сондай-ақ кепілсіз тұтынушылық кредиттер бойынша шекті ЖТСМ қайта есептеледі.

Қарыз жүктемесіне бақылау күшейеді

2026 жылы тұтынушылық кредитте тәуекелдерді төмендету мақсатында борыштың жылдық табысқа қатынасын көрсететін жаңа коэффициент енгізіледі. Борыш жүктемесін есептеудің қолданыстағы талаптары да қатаңдатылмақ.

Соттан тыс банкроттық жеңілдейді

Проблемалық қарыз алушылар санын азайту үшін соттан тыс банкроттық рәсімін жетілдіру жалғасады. Қаржы ұйымдары банкроттыққа үміткер клиенттерді өздері анықтап, азаматтарға бұл мүмкіндік туралы SMS-хабарлама жолдайтын жүйе енгізіледі.

Әбілқасымованың айтуынша, қабылданатын шаралар бір жағынан банктердің ресурстарын бизнесті қаржыландыруға бағыттауға, екінші жағынан халықтың шамадан тыс қарыздануын тежеуге мүмкіндік береді.

Ұқсас материалдар