Бүгін ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Менің өмірім. Бодандықтан – бостандыққа» атты кітабы дүкендерде сатыла бастады.
Кейбір БАҚ кітап «Меломан» мен «АлматыКiтап» дүкендерінде 5500 теңгеден сатылады, деп хабарлаған. Алайда «Меломан» дүкендеріне әлі түспеген болып шықты. Біздің тілшілер «АлматыКiтап» дүкендерінде 5890 теңгеден сатып алды.
«Мемуар мұраты» деп аталатын кіріспе Назарбаевтың Президенттіктен кету туралы шешім қабылдап, сол тұстағы Сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевқа айтқаны, ертеңінде телеарналар арқылы Үндеу жариялап, президенттіктен кеткені туралы оқиғадан басталады.
«Бұл кітапты өмірбаян да, тарихи зерттеу деп қарауға болмайды», дейді экс-президент.
«Президенттік қызметті тапсырғаннан кейін жұмысымның біршама азайғаны, бос уақытымның едәуір көбейгені өзінен-өзі түсінікті. Арғы-бергіні ой елегіне салуға, өмір өткелдерін санада сараптауға мүмкіндік молайды. Осы тұрғыдан толғана-толғана келіп, ақыры бастан кешкенді баян етіп, көрген-білгенді, ойға түйгенді қағазға түсіруге бел будым», деп жазады Н.Назарбаев.
674 беттен тұратын кітапта туған жер, өскен ортасы, жастық жылдары, Теміртаудағы өмірі мен билікке келген жылдары, КСРО-ның соңғы кезеңдері мен Желтоқсан оқиғасы, қайта құру жылдары, тәуелсіздік алу, жекешелендіру кезеңі, Астана, сыртқы саясаттағы мәселелер, жеке өмірі мен саясат, ертеңгі күнге сенім туралы айтылады.
7500 тиражбен шыққан кітап «Отставкаға шыққалы бері талай күндерде өзегімнен өткізген, талай түндерде ұйқымнан айырған кітап оқырманға жол тартып барады. Жолы болсын деймін», деген сөздермен және елге тілегімен аяқталады.