Шымкенттің «Ордабасы» футбол клубы электрондық аукцион арқылы 156,9 млн теңгеге сатылды. Бұл туралы Forbes.kz басылымы хабарлады.
Мәліметке сәйкес, Шымкент қаласының дене шынықтыру және спорт басқармасының балансында болған «Ордабасы» кәсіби футбол клубы» АҚ-ның 100 пайыз мемлекеттік акциялар пакеті 16 маусым күні өткен электрондық сауда барысында жаңа иесіне өтті. Қорытынды баға 156 913 355 теңгені құрады.
Айта кетейік, клуб бұған дейін 224,2 млн теңгеге сатылымға шығарылған болатын. Алайда 28 мамырға жоспарланған алғашқы аукционға қатысушылардың болмауына байланысты сауда өтпей қалған. Осыдан кейін активтің бағасы 67,3 млн теңгеге төмендетіліп, қайтадан аукционға қойылды.
Лот туралы мәліметке қарағанда, саудаға бір ғана қатысушы өтінім берген. Оның аты-жөні әзірге ресми жарияланған жоқ. Бұған дейін ықтимал сатып алушы ретінде кәсіпкер Шахмұрат Мүтәліптің есімі аталған еді. Оның Integra Construction KZ компаниясы 2026 жылдың ақпан айында Шымкент әкімдігімен клубты жекешелендіру жөніндегі меморандумға қол қойған болатын.
Жекешелендіру талаптарына сәйкес, жаңа инвестор алдағы он жыл бойы клубтың спорттық бағытын сақтауға міндетті. Сонымен қатар қызметкерлердің кемінде үштен екі бөлігін жұмыста қалдыруы, балалар және әйелдер футболын дамытуы, «Ордабасының» Қазақстан футбол федерациясы ұйымдастыратын жарыстарға Шымкент қаласының атынан қатысуын қамтамасыз етуі тиіс.
Сондай-ақ шетелдік футболшылар мен мамандарды тарту шығындары инвестордың жеке қаражаты есебінен қаржыландырылмақ.
Келісім шарттарына сәйкес, клуб акцияларын 10 жыл бойы кепілге қоюға немесе өзге де ауыртпалықтар салуға тыйым салынады. Ал клубтың атауы мен логотипін өзгерту тек Шымкент қаласының дене шынықтыру және спорт басқармасының келісімімен ғана жүзеге асырылады.





