
16-17 сәуір күндері Орталық Азия бойынша медиа саласының мамандары Астанада бас қосады.
Форумға Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Әзербайжан, Тәжікстан, Түрікменстан, Ұлыбритания, Қытай, Қатар, Ресей және басқа да елдерден 700-ден астам делегат қатысып жатыр.
Биылғы форум «Жаһандық өзгерістер дәуіріндегі Орталық Азия. Стратегиялық даму құралы ретіндегі медиа» деп аталады.
Екі күн бойы панельдік сессияларда Орталық Азия елдерінің ақпарат құралдары үшін жаңа даму мүмкіндіктері мен ынтымақтастық мәселелері, жаһандық медианың дамуы, болашақтың ақпараттық кеңістігін қалыптастыру, ЖИ және көп дерек кезеңіндегі медианың цифрлық трансформациясы, сондай-ақ ел имиджін қалыптастырудағы әлеуметтік желілердің рөлі талқыланады.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Орталық Азия қазіргі уақытта Еуропа мен Азия арасындағы сенімді көпір әрі транзиттік хаб ретінде ғана емес, зор инвестициялық, сауда-экономикалық, туристік және мәдени-гуманитарлық әлеуеті бар ауқымды орталық ретінде қарастырылатынын атап өтті.
− Орталық Азия көшбасшылары деңгейінде ақпараттық саладағы ынтымақтастықты жандандыру мәселесі бірнеше рет талқыланғаны мәлім. Былтыр Астанада өткен консультативті кездесуде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бірлескен медиаөнімдерді жасау бастамасын көтерді. Қазақстан Орталық Азияның ортақ телеарнасын құру және аймақтық әлеуетті осы аумақта тұратын халықтардың достығы мен бірлігі туралы хабардар ететін тележобаларды және халықтарымыздың тарихи мән-ерекшелігі туралы танымдық телерадиобағдарламалар топтамасын дайындау идеясын қолдады. Бүгінгі кездесуімізде осы мәселеге мұқият тоқталып, Silk Way телеарнасының жұмысына бірлескен контент дайындау бойынша нақты шешімдерді қабылдадық, − деді министр форумның ашылу салтанатында.
Осылайша қазіргі уақытта Орталық Азия елдері өңірдегі ақпараттық ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған бірлескен телеарна мен өңірлік медиаплатформаны іске қосу мүмкіндігін қарастырып жатыр.