Түркістан қаласында ауыл шаруашылығы саласына қажетті дрондар шығаратын жаңа өндіріс орны жұмысын бастады.
Жобаны «Avatar Agricultural Technology Development» компаниясы жүзеге асырып отыр. Кәсіпорын жылына 500 дана дрон өндіруге қауқарлы. Заманауи технологиялармен жабдықталған өндіріс орны агроөнеркәсіп кешенін цифрландыруға және егістік алқаптарындағы жұмыстардың тиімділігін арттыруға бағытталған.
Мамандардың айтуынша, ауыл шаруашылығына арналған дрондар егіс алқаптарын дәрілеу және тыңайтқыш себу жұмыстарын едәуір жеңілдетеді. Бір аппарат 70 литрге дейінгі сұйықтықты көтеріп, бір мезетте 5 гектар жерді өңдей алады. Бұл фермерлердің уақытын үнемдеп, өндірістік шығындарын азайтуға мүмкіндік береді.
Қазіргі таңда зауыт өнімдеріне сұраныс жоғары. Кәсіпорынға алғашқы кезеңнің өзінде 20 тапсырыс түскен.
Компания алдағы уақытта өндіріс аясын кеңейтуді жоспарлап отыр. Атап айтқанда, келесі жылдан бастап өрт сөндіруге және жүк тасымалдауға арналған дрондар шығару көзделген.
Жаңа зауыттың іске қосылуы өңірдегі жоғары технологиялық өндірістің дамуына серпін беріп, ауыл шаруашылығы саласында инновациялық шешімдерді енгізуге жол ашады.





