Мемлекет басшысы ҚазМұнайГаз ҰК АҚ басқарма төрағасы Асхат Хасеновті қабылдап, компанияның 2025 жылғы нәтижелері мен алдағы жоспарлары туралы есеп тыңдады.
Кездесуде былтыр Қытайдың CNOOC және Sinopec компанияларымен Атырау және Батыс Қазақстан облыстарындағы жобалар бойынша жер қойнауын пайдалану келісімдері жасалғаны айтылды. Сонымен қатар Turkish Petroleum Corporation, BP және Croatian Hydrocarbon Agency Қазақстандағы перспективті учаскелерді зерттеп жатыр.
Асхат Хасеновтің мәліметінше, 2025 жылы 8 іздеу ұңғымасы бұрғыланып, 2029 жылға дейін тағы 24 ұңғыма қазу жоспарланған. Барлау жұмыстарына тартылатын инвестиция көлемі 900 млн доллардан асады.
Есеп бойынша, 2025 жылдың қорытындысында мұнай мен конденсат өндіру 26,2 млн тоннаға жетіп, 2024 жылмен салыстырғанда 10%-ға артқан. Газ өндіру көлемін жылына қосымша 2,3 млрд текше метрге ұлғайту үшін бірқатар кен орындарында жұмыстар жүріп жатыр.
Сондай-ақ үш мұнай өңдеу зауытында 17,5 млн тонна шикізат өңделіп, жеңіл мұнай өнімдері 13,6 млн тоннаға дейін өскен.
Президент мұнай-газ химиясы мен газ өңдеу саласындағы жалпы құны 15 млрд доллардан асатын ірі жобалардың іске асу барысымен танысты. Маңғыстау облысында тәулігіне 50 мың текше метр су тұшытатын «Кендірлі» зауыты пайдалануға берілген.
Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев геологиялық барлауды жандандырып, стратегиялық инвестициялық жобаларды уақытылы іске асыруды тапсырды.





