ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа Astana Finance Days 2024 конференциясында АХҚО қатысушыларының павильоны таныстырылды, деп хабарлады АХҚО баспасөз қызметі.
Таныстырылымда Мемлекет басшысына қаржы, сауда, цифрлық технологиялар және металлургия салалары бойынша АХҚО юрисдикциясында жұмыс істейтін және қаржы орталығының экожүйесін дамытуға елеулі үлес қосқан ірі компаниялардың басшылары өздерінің қызметі мен даму жоспарлары туралы айтып берді.
Мысалы, Freedom Holding Corp. бас атқарушы директоры Тимур Турлов холдинг әлемнің 20 елінде жұмыс істеп жатқанын, ал нарықтық капиталдандырылуы 5 млрд доллардан асатынын хабарлады.
«АХҚО – бұл өзінің құқықтық ортасы, соты және түсінікті ойын ережелері бар тамаша экожүйе. Осының арқасында Freedom еуропалық брокерінің инфрақұрылымы АХҚО алаңында төрт айда өз орнын тапты. Біз Astana International Exchange биржасы арқылы ұсынылатын қызметтер мен өнімдердің кең спектрінің арқасында Қазақстандағы ең ірі бөлшек брокер атандық», – деп атап өтті Тимур Турлов.
Оның айтуынша, АХҚО-ға қосылған сәттен бастап Freedom Broker-дің клиенттік шоттарының саны 235 мыңға өсті, жасалған мәмілелер саны 31 млн-нан, ал сауда көлемі – 2,5 трлн доллардан асты. 2020 жылдан бастап Freedom Broker 77 эмитенттің жалпы көлемі 4 млрд доллардан асатын 145 бағалы қағазын шығарды.
China Construction Bank Corporation Астана филиалының бас директоры Ван Сунхуа филиал АХҚО-дағы жұмысын 2019 жылы бастағанын және қаржы орталығында құрылған алғашқы шетелдік банк болғанын атап өтті. Банктің қазіргі қызмет саласы Орталық Азияның бес елін, сондай-ақ Кавказ бен Моңғолияны қамтиды.
«Біз АХҚО-ны келесі себептер бойынша таңдадық: тәуелсіз реттеуші, жеңілдікті салық салу, бизнес жүргізу үшін қолайлы орта, сауда базасының инновациялық инфрақұрылымы, жеңілдетілген және жеделдетілген тіркеу, Қазақстан мен Қытайдың тығыз ынтымақтастығы және Шығыс Еуропа мен Орталық Азия өңіріндегі №1 қаржы орталығы позициясы», – деді Ван Сунхуа.
Ағымдағы жылдың маусым айының соңына қарай Астана филиалының басқаруындағы активтердің жалпы көлемі 833 млн долларды құрады, оның 378 млн – кредиттер. Валюталар бөлінісінде қаржыландырылған жобалардың жалпы сомасы 896,5 миллион долларға, 4,4 миллиард юаньға және 6 миллион еуродан астамға жетті. Бұл ретте қолдау тапқан 12 жобаның 10-ын қазақстандық компаниялар іске асырды.
Fix Price Group Plc. басқарушы директоры Дмитрий Кирсанов компанияның бекітілген баға дүкендерінің желісі Қазақстанды қоса алғанда, өңірдің 10 елінде жұмыс істейтінін атап өтті. Біздің ел аумағында 300-ден астам дүкен жұмыс істейді, 2 мыңға жуық жұмыс орны құрылды. Компания Қазақстанда және дүкендері ашылған басқа да елдерде одан әрі белсенді дамуды жоспарлауда.
«Таяуда біз «Астана» халықаралық қаржы орталығында тіркелдік, ал біздің бағалы қағаздарымыз Astana International Exchange-де саудалануда. Неліктен біз Астананы таңдадық? Біз үшін біз қатысатын барлық елдермен тиімді жұмыс істеуге мүмкіндік беретін юрисдикцияның болуы маңызды. Қазақстан дәл осындай юрисдикция – озық жұмыс тәжірибесі және инвесторлардың кең ауқымына қолжетімділігі бар», – деп атап өтті Дмитрий Кирсанов.
GRATA International халықаралық заң фирмасының серіктесі және Астана қаласындағы офис директоры Самат Даумов фирма 2019 жылы АХҚО-ға қосылған сәттен бастап 60-тан астам клиент АХҚО-ның қолданыстағы заңнамасы саласында заң көмегін алу үшін GRATA International-ға жүгінгенін айтты.
Оның айтуынша, фирма Қазақстаннан және шет елдерден экономиканың түрлі салаларындағы ұйымдардан құқықтық сұраулар алуды жалғастыруда. Ұлыбритания, Швейцария, Қытай, Люксембург, Кипр және басқа елдердің клиенттері АХҚО жұмысына байланысты мәселелер жөнінде заңгерлік консультациялар үшін GRATA International-ды таңдайды.
«Қаржы орталығы ұсынатын мүмкіндіктер мен бизнес-климатқа сүйене отырып, GRATA International АХҚО қоғамдастығының сенімді мүшесі болып қалуда. Орталыққа қосылу себептерінің арасында бизнесті кеңейту, клиенттер үшін жаңа өнімдерді әзірлеу, халықаралық нормативтік-құқықтық орта болды. Қаржы орталығына қосылған сәттен бастап, біздің қызметтеріміздің спектрі АХҚО-ның қолданыстағы заңнамасына сәйкес кеңейді және қаржы орталығына қосылғысы келетін клиенттердің қажеттіліктеріне бағдарланған», – деп атап өтті Самат Даумов.
GRATA International халықаралық заң фирмасының негізі 1992 жылы Алматыда қаланған және қазір Еуразия аумағында 22 юрисдикциясын қамтиды. Бүгінгі таңда GRATA International 14 мыңнан астам клиентке заңгерлік көмек көрсетіп, 37 мыңнан астам істі аяқтады.
Вишал Сачендран, Binance өңірлік нарықтардың жаһандық директоры, Binance бүгінде сауда-саттық көлемі мен тіркелген пайдаланушылар саны бойынша әлемдегі ең ірі криптовалюта биржасы бар жетекші блокчейн-экожүйе екенін айтты. Binance платформасының әлемнің 100-ден астам елінде 200 млн астам пайдаланушысы бар.
Binance Kazakhstan AFSA-дан толық реттеуші лицензия алуға келісім алған алғашқы цифрлық активтер платформасы болды.
«Қазақстан Binance үшін басым ел болып табылады, оны Орталық Азиядағы өңірлік криптовалюталық хаб деп атауға әбден болады. Мен Қазақстанның жаңа цифрлық технологиялар мен криптовалюта экожүйесін дамыту мәселелеріндегі күш-жігерін ерекше атап өтер едім. Елде пилоттық жобаны жүзеге асырудың арқасында 2022 жылдың қыркүйегінде Binance Kazakhstan АХҚО лицензиясын алды және 2023 жылдың маусымында іске қосылғаннан бері жергілікті платформаны пайдаланушылар саны 100 мыңнан асты», – деді Вишал Сачендран.
Орта мерзімді перспективада Binance Kazakhstan басқа ТМД және Азия елдерінің клиенттеріне қамтуды, сондай-ақ жергілікті реттеушілер лицензияланған ұйымдардың қатысуын талап ететін басқа нарықтар үшін қосалқы инфрақұрылым ретінде әрекет етуді жоспарлап отыр. Бұл ретте, Binance елдегі криптоиндустрияны ілгерілету және цифрлық активтер үшін сенімді нормативтік базаны дамытуға ықпал ету үшін Қазақстандағы реттеушілермен өзара іс-қимыл жасауды жалғастыруда.
Сондай-ақ, АХҚО-ға қатысушы компаниялардың басшылары – Solidcore Resources және Amicorp Fund Services – АХҚО басқару жөніндегі кеңестің отырысында сөз сөйлеп, Мемлекет басшысына олардың өңірдегі қатысуын дамыту және одан әрі кеңейту жөніндегі жоспарларын таныстырды.
Виталий Несис, Solidcore Resources бас атқарушы директоры:
«AIX-тегі листинг геосаяси белгісіздік күшейген кезеңде бізге қауіпсіз баспана берді, нарықтық инфрақұрылымның негізгі элементтері бұзылу мен дислокациядан зардап шеккенде акциялар саудасының үздіксіздігін қамтамасыз етті және өңірдегі жаңа инвесторлар үшін акцияларға қол жеткізу мүмкіндіктерін ашты».
Робин Хёкян, Amicorp Fund Services (UK) бас операциялық директоры:
«Өңірлік сахнада Қазақстан бизнес үшін дамып келе жатқан тартылыс орталығы ретінде, Орталық Азиядағы экономиканың өсу қарқыны және тікелей шетелдік инвестициялар бойынша ең ірі елдердің бірі ретінде ерекшеленеді. Қазақстан үкіметінің экономиканы әртараптандыру бойынша күш-жігері қаржы секторының дамуына күшті серпін берді. Үкіметпен және АХҚО-мен ынтымақтастық жасай отырып, Amicorp Fund Services Қазақстанның қаржы секторының одан әрі өсуіне, әсіресе инвестициялық қор индустриясының дамуына ықпал ете алады».
Айта кетейік, бұған дейін Мемлекет басшысының төрағалығымен Астана халықаралық қаржы орталығын басқару жөніндегі кеңес отырысы өтіп, онда АХҚО-ның былтыр атқарған қызметінің жылдық есебін бекіткенін хабарладық. Жиында Президент АХҚО -ның қысқа мерзім ішінде айтарлықтай нәтижеге қол жеткізгенін айтты.
Анықтама:
«Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) – бизнесті ашу және жүргізу, инвестициялар тарту, жұмыс орындарын құру және Қазақстан экономикасын дамыту үшін қолайлы құқықтық және реттеуші ортасы әрі дамыған инфрақұрылымы бар тәуелсіз юрисдикция.
Сурет: ҚР Президентінің баспасөз қызметінен алынды