Алматы облысындағы Қарабұлақ елдімекенінде 150 000 гектарға жуық жерге қара құрт қаптады. Жайылымды жайлаған зиянкестерден шаруалар шошып отыр. Олар бұрын мұндайды көрмегенін айтып, шөп болмаса жұт болады деп дабыл қақты, деп хабарлады Almaty.tv тілшісі.
Қаптаған қара құрт Қарабұлақ ауылдық округіне қарасты бірнеше ауылды басып алған. Алғашында ауыл адамдары зиянкестерді өз күшімен улап көрген, бірақ жәндіктің жойылар түрі жоқ. Олар «егістікті түгел жалмап біте ме», деп қорқады.
«Біздің ауылға, шаруа қожалығына келген апат болды. Жер әлемді жапырап, шөпті жеп жатыр. Қандай егістік егеміз?» – дейді А. Нүсіпбеков ауылының тұрғыны Серік Ұзақов.
«Тек шөпті емес, өрлейтін болса, ауылдың басындағы м алға да зиянын тигізеді. Малдың азығы болмаған соң, қырылады. Былтыр қуаңшылық болды. Астығымызды шегіртке қырды. Жеріміздің пайдалана алмай, басқа жақтан сатып алдық», – деді А. Нүсіпбеков ауылының тұрғыны Ербол Күртешбай.
Аталған аумақтағы Ағанас жазығында 137 шаруа қожалығы бар. Онда 35 мың гектар жер болса, оның 2850 гектары егістікке деп бөлінген. Көпшіліктің айтуынша, былтыр мұндағы егінді шегіртке жеп, қамбаның іші қаңырап қалған. Техниканың тозығы жетіп, тұтас шарушылықты қамтуға шамасы жетпейтінін жұрт жасырмай айтты.
«150 000 гектарға дейін құрт қаптап кетті. Торайғырдағы жайылымды, аймақты да, егістікті де жеп, отап бара жатыр», – деді А. Нүсіпбеков ауылының тұрғыны Қанат Көлбаев.
Қарабұлақ ауылдық округіне Нүсіпбеков елдімекенін қосқанда 2 ауыл кіреді. Үш мыңға жуық отбасы тұрады. Дені егістікпен айналысады, ірі қара мал ұстайды. Ал «ауылға арнайы келдік қой» деген ақжағалылар жұмысын міндетсінгендей болды ма, әйтеуір ашылып жауап қатпады. Тек бәріне қаржы қолбайлау болып тұр деп ақталды.
«Бұл – зиянкес рапс жапырағының жемірі. Рапс дегеніміз крест гүлділерге жатады. Жәндік аса қауіпті зиянды организмге жатпайды. Сондықтан республикадан ақша бөлінбейді», – деді «Республикалық фитосанитариялық диагностика және болжамдар әдістемелік орталығы» РММ Кеген аудандық филиалының басшысы Берік Сәдірмеков.
«Дәрілердің тізімін алдық. Шаруа қожалықтарды шамамыз келгенше, қаржы жинап, әрекет етеміз», – деді Қарабұлақ ауылдық округінің әкімі Рүстем Әлімов.
Ауыл әкімі де дәрменсіз, тіпті қауіпсіздік үшін қоймасынан қарапайым қолғап пен бетпердені де бере алмады. Ел қолдан жасалған ыдыспен бүкіл аумақты дәрілеп шығуға мәжбүр. Бірақ мұндай қарқынмен осынша гектар жерді қашан улап бітері белгісіз.