QazaqGaz ұлттық компаниясында басшылық құрамға қатысты бірқатар өзгерістер болды.
Компанияның басқарма төрағасының бірінші орынбасары қызметіне Ақбар Төлегенов тағайындалса, өндіріс бағытын басқару міндеті Абзал Қисметовке жүктелді.
Ақбар Төлегенов – басқарма төрағасының бірінші орынбасары
Ақбар Төлегенов Ұлыбританиядағы Warwick Business School, University of Warwick оқу орнын бітірген. Ол менеджмент бойынша ғылым бакалавры, маркетинг және стратегия саласындағы ғылым магистрі және MBA дәрежелеріне ие. Сонымен қатар, CWC School of Energy оқу орнында «Мұнай-газ келісімшарттары бойынша келіссөздер жүргізу» бағдарламасын аяқтаған.
Еңбек жолын 2008 жылы Қарашығанақ жобасында келісімшарт инженері қызметінен бастаған. Бұған дейін Pietro Fiorentini S.p.A және Hinduja Group компанияларында жұмыс істеп, «Лизинг Групп» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы болды.
Төлегенов 2022 жылдың сәуір айынан бері QazaqGaz басшылығында қызмет атқарып келеді.
Абзал Қисметов – өндіріс бағытының басшысы
Абзал Қисметов жаңа қызметіне дейін «Интергаз Орталық Азия» АҚ бас директорының орынбасары болды. Ол 1999 жылы Атырау мұнай және газ институтын «Мұнай және газ өндіру машиналары мен жабдықтары» мамандығы бойынша тәмамдаған. Кейін осы оқу орнында магистратура мен аспирантурадан өтіп, «Технологиялық машиналар мен жабдықтар» бағыты бойынша ғылыми дәрежесін қорғаған.
2022 жылы Назарбаев Университетінің Executive MBA бағдарламасын аяқтады. Еңбек жолын «Прикаспийбурнефть – Қазақстан» ЖШС-де инженер болып бастап, біртіндеп басшылық қызметтерге дейін көтерілді.
QazaqGaz басшылығындағы бұл өзгерістер компанияның өндірістік және басқарушылық бағыттарын күшейтуге бағытталған.





