Алматы. 6 мамыр. 7kun.kz – Бейсенбі күні ОПЕК+ келісіміне мүше елдердің отырысы онлайн форматты өтті. Кездесу қорытындысы бойынша мүше мемлекеттер мұнай өндіру көлемін арттыруға келісті, деп хабарлайды 7kun.kz.
Қазақстан атынан отырысқа Энергетика министрі Болат Ақшолақов қатысты. Онлайн кездесуде наурыз айында елдердің келісім бойынша міндеттемелерін орындауы талқыланды. Бұл туралы энергетика министрлігінің ресми сайты жазды.
"Отырыс қорытындысы бойынша ОПЕК+ елдері қазіргі шектеулерді толық алып тастағанға дейін өндіру деңгейін ай сайын тәулігіне 432 мың баррельге арттыруды жалғастыру туралы шешім қабылданды", - делінген Энергетика министрлігінің хабарламасында.
Министрлік Қазақстанның 2022 жылғы маусымдағы міндеттемелері тәулігіне 1,655 млн баррельді құрайтынын айтты.
Естеріңізге сала кетейік, 2020 жылы коронавирустық пандемияға байланысты мұнайға сұраныс айтарлықтай төмендеді. Бұл «қара алтын» бағасының құлдырауына әкелді. Содан кейін ОПЕК+ елдері өткен жылдың мамыр айынан бастап өндіріс көлемін тәулігіне 9,7 миллион баррельге қысқартуға келісті. 2021 жылдың тамыз айынан бастап жағдайды жақсарту және коронавирустық шектеулердің бір бөлігін алып тастау аясында ұйым ай сайын өндірісті күніне 400 мың баррельге біртіндеп арттыруға келіскен.