Сәуір айында "ҚазТрансОйл"АҚ магистральдық мұнай құбырлары жүйесі бойынша Қашаған мен Қарашығанақ кен орындарынан мұнай экспортын ұлғайтуды жоспарлап отыр, деп хабарлайды 7kun.kz.
Компанияның ресми сайтында хабарланғандай, Ресей мен Қытайға мұнай экспортының көлемі артуы КТК (Каспий құбыр корцорциумы) жүйесіндегі жүктемені қайта бөлуге байланысты. "ҚазТрансОйл" АҚ түсіндіргендей, Энергетика министрлігі бекіткен мұнай жеткізу кестесіне сәйкес, сәуірде Қарашығанақ мұнайын "Өзен – Атырау – Самара" магистральдық мұнай құбырының "Атырау – Самара" учаскесі бойынша экспорттау көлемі 154,7 мың тонна, ал Қашаған мұнайы - 60 мың тонна болып жоспарланған. Ал Қашаған мұнайын "Атасу – Алашанькоу" мұнай құбыры арқылы Қытай Халық Республикасына экспортқа тасымалдаудың болжамды көлемі 40 мың тоннаны құрайды.
Естеріңізге сала кетейік, Бүгін Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев Үкімет кулуарында өткен айдың соңында болған КТК апатына байланысты Қазақстанға келтірілген шығын көлемін жария етті. Жамаубаевтың айтуынша, ол 100-150 млрд теңге шамасында.