Қазақстандағы 6 290 ауылдың 1 424-де мобильді интернет жоқ, деп хабарлады Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев.
«Қазақстанда 6290 ауыл болса, оның ішінде 2606 ауылға талшықты-оптикалық интернет орнатылды. Мобильді интернет 4866 ауылда бар. Салық жеңілдіктер аясында 2023 жылы 1161 ауыл 4G технологиясына қосылды. Бүгінде 1424 ауылда мобильді интернет жоқ», - деді Мәдиев сейсенбі күні үкімет отырысында.
Ол ведомство ұялы байланыс операторларын ынталандыру үшін радиожиілік спектріне салық жеңілдіктерін ұзарту және төлем мөлшерлемелерін өзгертуді ұсынатынын айтты.
«Байланыс операторларының лицензиялық міндеттемелері шеңберінде 1076 ауылды қамтамасыз ету шаралары қарастырылады. 5G технологиясын одан әрі дамыту бойынша Kcell және Tele2 операторлары Астана, Алматы, Шымкент қалалары мен облыс орталықтарында 5G-мен қамтуды кеңейту бойынша жұмысты жалғастырады», - деп түсіндірді министр.
Мәдиев 5G байланысы 2025 жылдың соңына қарай енгізілетінін еске салды. Жалпы, 2027 жылдың соңына дейін байланыс операторлары байланыс саласына 450 миллиард теңгеден астам инвестиция салады.