Құрық портында астық терминалы іске қосылады. Бұл туралы ҚР Көлік вице-министрі Мақсат Қалиақпаров теңізге шыға алмайтын елдердің LLDC конференциясында мәлімдеді.
Соңғы 15 жылда Қазақстанның көлік саласына шамамен 35 млрд АҚШ доллар инвестицияланған. 2,5 мыңнан астам темір жол, 13 мың шақырым автомобиль жолдары салынған. Қытаймен шекарада «Қорғас-Шығыс қақпасы» құрғақ порты, сонымен қатар, қуаты жылына 21 млн тонна Ақтау және Құрық теңіз порттары нәтижелі жұмыс істеп жатыр. Тиімді транзиттік трансконтинентальды дәліздер мен маршруттар желісі құрылды. Бүгінде еліміз бойынша 13 халықаралық көлік дәлізі өтеді, оның 5-еуі теміржол, 8- і автокөлік дәлізі. 2025 жылға дейін Ақтау портында «контейнерлік хаб» салынады деп жоспарланып отыр. Бұл тасымалдау көлемін жылына қосымша 300 мың жиырма футтық эквивалентке дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді.