Еуропа Одағы Ресейге қарсы жаңа, 20-пакет санкциялар әзірлеуді бастады. Бұл туралы Литва Қаржы министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Литваның қаржы министрі Криступас Вайтекунас мәлімдегендей, қысым тек Ресейге ғана емес, сонымен қатар Белоруссияға да бағытталуы мүмкін. Оның айтуынша, «Белоруссия тарапынан гибридті шабуылдар жиілеп барады», сондықтан бұл елге қатысты шектеулерді Ресейге қарсы қолданыстағы санкциялармен сәйкестендіріп, қосымша шаралар қабылдау қажет.
«Қазан айының соңында ЕО деңгейінде 19-пакет санкциялар мақұлданды. Алайда Ресейдің энергетика және қаржы секторларына қысымды күшейту маңызды. Сондықтан келесі санкциялар пакетін байыпты талқылауды бастауымыз керек», – деді Вайтекунас.
Еске сала кетейік, 23 қазанда ЕО Ресейге қарсы 19-пакет санкция енгізген болатын. Ол аясында 2027 жылдан бастап сұйытылған табиғи газдың импортын тоқтату, «көлеңкелі флоттың» 117 кемесіне шектеу қою және ресейлік дипломаттардың ЕуроОдақ аумағында жүру ережелерін қатаңдату шаралары қарастырылған.
Politico басылымының дерегінше, жаңа санкциялар пакеті Ресейден әкелінетін темір мен болатқа, сондай-ақ бейорганикалық химикаттар мен калий тыңайтқыштарына кедендік баж салығын енгізуді қамтуы мүмкін.





