Ресейлік «Росатом» Қазақстанда жалпы қуаты 2400 МВт дейінгі 3+ буынды ядролық реакторлары бар екі атом электр станциясын салуды ұсынды, деп хабарлайды ТАСС.
Астанада өткен «Атом энергетикасы – энергетикалық тәуелсіздік пен технологиялық дамудың негізі» атты дөңгелек үстел барысында «Росатом Орталық Азия» ЖШС бас директоры Сергей Громов Қазақстанда әлемдегі «ең қауіпсіз» деп саналатын екі атом электр станциясын салу туралы ұсынысын айтқан.
Үшінші буынға (3+) жататын ұсынылған блоктардың жалпы қуаты 2400 МВт құрайды. Іске қосылған соң Қазақстандағы электр энергиясы тапшылығының 20% жабуға қауқарлы.
Айта кетейік, Қазақстанда АЭС салу мәселесі Президенттің соңғы Жолдауында айтылғандай Референдум арқылы шешілетін болды. Оған дейін АЭС-ке қатысты барлық жұмыстар тоқтатылған.
Жалпы ресейлік компанияның АЭС салуға қосылуы мәселесінде халық пікірі біржақты емес. Сондықтан сарапшылар қытайлық CNNC, оңтүстіккореялық KHNP, француздық EDF де үміткерлер қатарында екенін айтып жүр.