Редакция: +7 (777) 242 5522
Бізге жазылыңыз:

Салық реформасы түсіндірілді: бизнеске жаңа кодекстің талаптары таныстырылды

Салық реформасы түсіндірілді: бизнеске жаңа кодекстің талаптары таныстырылды

Қазақстандық салық кеңесшілер қауымдастығы «AMANAT» партиясымен бірлесіп, 2026 жылдан күшіне енген жаңа Салық кодексіне арналған ауқымды салалық конференция өткізді.

Іс-шара барысында бизнес өкілдеріне салық реформасының негізгі жаңашылдықтары бірнеше сессия аясында түсіндірілді.

Қауымдастық төрағасы Сәкен Қариннің айтуынша, конференцияға 200-250-ге жуық кәсіпкер, бухгалтер, заңгер және бизнес қауымдастығының өкілдері қатысты.

– Конференция барысында қосылған құн салығы, корпоративтік және жеке табыс салығы, салық әкімшілігін жетілдіру мәселелері кеңінен қаралды. Сондай-ақ арнаулы салық режимдеріне көшу тәртібі мен талаптары жан-жақты түсіндірілді, – деді ол.

Сәкен Қарин кәсіби алаңдарда ашық диалог жүргізу бизнес пен салық органдары арасындағы өзара түсіністікті арттыруға ықпал ететінін атап өтті.

Ал «AMANAT» партиясы кәсіпкерлерге жаңа салық нормаларын түсіндіру бағытында өңірлерде консультациялық және түсіндіру жұмыстарын бастаған. Қаңтар айының ортасынан бастап ел аумағында партиялық бастама іске қосылып, оның аясында шағын және орта бизнеске практикалық көмек көрсетіледі.

Бастаманың негізгі мақсаты – мемлекет пен кәсіпкерлер арасында тұрақты диалог орнатып, жаңа ережелерге көшу кезіндегі қателік тәуекелдерін азайту және салықтық сауаттылықты арттыру.

Еске сала кетейік, 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда жаңа Салық кодексі қолданысқа енгізілді. Құжат салық салу тәсілдерін жаңартып, әкімшілендіруді жеңілдетуге және цифрлық сервистерді кеңінен енгізуге бағытталған.

Ұқсас материалдар